Бүгiн 2026, 09:55 Фото: видеодан скриншот

Кентауда 9 миллион теңге тұратын алтын бұйымдарды ұрлаған күдікті ұсталды

Зергерлік шеберхана-дүкеннің есігін бұзып кіріп, алтын бұйымдарды ұрлап кеткен.

Бейнебақылау камераларының көмегімен полицейлер 9 миллион теңге тұратын алтын бұйымдар ұрлығын ашты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, белгісіз тұлғалар зергерлік шеберхана-дүкеннің есігін бұзып кіріп, алтын бұйымдарды ұрлап кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 9 миллион теңгені құрады.

Тергеу барысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының жазбаларын және өзге де айғақтарды зерделеп, ұрлық жасады деген күдіктінің ізіне түсті.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер бұрын сотталған жергілікті тұрғынды күдікті ретінде ұстады. Оның тұрғылықты мекенжайына жүргізілген тінту кезінде ұрланған ақшаның бір бөлігі және басқа да заттай айғақтар тәркіленді. Күдікті өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бағытында қажетті тергеу әрекеттерін жалғастыруда, - деп хабарлады Түркістан облысының ПД КПБ бөлім бастығы Саят Шекербеков.

Еске салайық, бұған дейін Астанада ер адам дүкендегі шоколадтарды шалбарына тығып, ұрлап кеткен болатын.