Кеншілер өлкесінде көмір сатылатын 52 орын белгіленген
ИИДМ көмір сату кезеңінде алыпсатарлықты алдын алу жөніндегі шаралар жоспарын әзірледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қарағанды облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткізілген брифингте көмірмен қамтамасыз ету жұмыстары жөнінде айтылды
Кеншілер өлкесінде қатты отын сатылатын 52 орын белгіленген. Олардың 20-сы Қарағандыда орналасқан. Мамандардың бағалауы бойынша өңірді толығымен қамтамасыз ету үшін көмір қоры жеткілікті.
Алайда көмір тапшылығы мен жүк көлігі жүргізушілері арасында даулы жағдайларға жол бермес үшін Индустриялық даму комитетінің басшылығы делдалдар санын азайту жөніндегі шаралар жоспарын әзірледі.
Қарағанды облысының көмірге деген қажеттілігі – 1 млн 156 мың тонна. Министрлік жүйелі шараларды қабылдап жатыр. Біріншіден, республика деңгейінде тиісті іс-шаралар жоспары әзірленіп, бұл жөнінде барлық әкімдікке жеткізілді. Екіншіден, көмірді автокөлікпен республика аумағынан әкетуге толық тыйым салынды. Бұл шешімнің негізгі мақсаты – алыпсатарлар санын азайту және болдырмау, - деді ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы Азамат Панбаев.
Сонымен қатар мамандар халыққа арналған көмір сатылатын 9 жақын пунктті айқындап берді. Ал облыстағы Баршино ауылында құрғақ қойманы дайындап қою көзделіп отыр. Осы орайда өңір азаматтарына көмірді сату кезеңінде дүрбелең болу мүмкін екенін ескерген жөн.
Бұдан бөлек қосымша 4 отын базасын құру туралы шешім қабылданды: Ұлытау облысында 2, Қостанай облысында 1, Қарағанды облысының Осакаровка кентінде 1 сату пункті. Аталған пункттерге көмір теміржол көлігімен үздіксіз жеткізілетін болады.
Қатты отынның бағасы, жеткізу шарттары және сату орындары туралы толық ақпаратты Қарағанды қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінен (8-7212) 42-15-05 нөмірі бойынша алуға болады. «Шұбаркөл көмір» АҚ жедел желісі: +7-702-784-92-22, +7-701-723-53-62.
Айта кету керек, ішкі нарықта көмір тапшылығын болдырмау мақсатында биыл 26 мамырдан бастап ИИДМ Қазақстан аумағынан көмірді автокөлікпен әкетуге 6 айға шектеу қойды. Қараша айында бұйрық тағы 6 айға, яғни 2024 жылдың 26 мамырына дейін ұзартылады.
Бұған қоса ел аумағынан лицензиясы бар көмір өндіруші кәсіпорындарға теміржол көлігімен тас және қоңыр көмірді экспорттауға айрықша құқық беруді көздейтін қаулының жобасы әзірленді. Оның жобасы ведомствоаралық комиссияның отырысында қарау үшін Сауда және интеграция министрлігіне жіберілді. Тиісті нәтиже алынған соң аталған құжат мемлекеттік органдарға жолданып, сондай-ақ Үкіметке тиісті тәртіппен бекіту үшін жіберіледі.