Кеңсе пышағын алып келген: Маңғыстауда балабақшада жанжал шықты
Ата-аналар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етіп отыр.
Маңғыстау облысында Қарақия ауданына қарасты Жетібай ауылындағы «Жауқазын» балабақшасының айналасында шу шықты. Бұған балалар арасындағы жанжал түсірілген видеоның әлеуметтік желілерде таралуы себеп болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ата-аналардың бірінің айтуынша, мекемеде өзін агрессив ұстайтын бала бар: ол топтар арасында еркін жүріп, басқа тәрбиеленушілерге тиісіп, қорқытады.
Ол кеңсе пышағын ұстап жүреді, қыздарды басынан ұрып, “Ұйықтамаңдар, әйтпесе бір жерлеріңді кесіп тастаймын!” деп қорқытады. Бұл масқара! – делінген жазбада.
Сондай-ақ әйел бұл баланың балабақша директорының баласы екенін айтып, бұл жағдай қызметкерлердің әрекетіне әсер етіп отыр деп санайды.
Ол директордың баласы екен деп, мен өз баламды ұрғыза алмаймын. Біреудің көзіне зақым келсе, кім жауап береді? – деп наразы ата-аналар.
Жазба авторы болған жағдайды видеоға түсіріп, соңғы бір аптадағы бейнебақылау жазбаларын сұратқанын айтады. Алайда оның сөзінше, мекеме аумағында түсіруге тыйым салынғанын айтып, одан бас тартылған. Ал учаскелік инспектор мұндай материалдарға тек ресми өтініш арқылы ғана қол жеткізуге болатынын түсіндірген.
Ата-аналар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етіп, тәрбиеленушілердің ата-аналарының мәртебесіне қарамастан заңның бәріне бірдей қолданылуын сұрап отыр.
Өңірлік білім басқармасы бұл жағдайдан хабардар екенін растады. Ресми мәліметке сәйкес, 20 сәуірден бастап қызметтік тексеріс басталады. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, барлық мән-жай мен ұсынылған материалдар жан-жақты қаралады.
Тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заң аясында тиісті шаралар қабылданатыны айтылды.