14 Наурыз 2026, 17:16 Фото: Anadolu Agency

Кениядағы су тасқынынан 62 адам қаза тапты

Су тасқыны 17 округті қамтып, халықтың жаппай қоныс аударуына себеп болды.

Кенияда болған су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 62 адамға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

БАҚ-тың мәліметінше, елдің Ішкі істер министрлігі таратқан мәлімдемеде ел аумағына нөсерлі жауын-шашынның жаууы кең көлемді су тасқынын туғызғаны айтылған.

Қаза тапқандардың арасында 46 ер адам, 8 әйел және 8 бала бар. Ең көп адам шығыны ел астанасы Найробиде тіркелген.

Ведомство өкілдері құрбандар санының артуы зардап шеккен аудандарда іздестіру-құтқару жұмыстарының әлі де жалғасып жатқанына және қирау көлеміне неғұрлым нақты баға беріліп жатқанына байланысты екенін атап өтті.

6 наурызда басталған су тасқыны елдің 17 округін қамтып, мыңдаған отбасының үйлерін тастап кетуіне мәжбүр етті. Сонымен қатар, табиғи апат көптеген өңірде негізгі қызметтердің көрсетілуіне кедергі келтірді.