Кения астанасы Найробиде су тасқынынан 10 адам қаза тапты
Су тасқынынан зардап шеккен көптеген ауданда іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, қаза тапқандар саны артуы мүмкін.
Кения астанасы Найробиде нөсер жауын салдарынан болған су тасқынынан 10 адам қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметіне сәйкес, 6 наурыз күні Найробиде жауған қатты жаңбыр қалада су тасқынына себеп болған.
Найроби полициясының басшысы Джордж Седа Radio Citizen жергілікті жаңалықтар сайтына берген сұхбатында су тасқыны салдарынан 10 адамның қаза тапқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, қаза тапқандардың сегізі кенеттен көтерілген суға тап болып, ағын су алып кеткен көліктердің ішінде көз жұмған.
Су тасқыны кезінде қаланың әртүрлі аудандарында тағы екі адам электр тогының соғуынан қаза тапқан. Сонымен қатар негізгі жолдар жүріп-тұруға жарамсыз болып қалғандықтан, қала бойынша кемінде 71 көлік жолда қалып қойған.
Су тасқынынан зардап шеккен көптеген ауданда іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Қаза тапқандар саны артуы мүмкін.
Кенияның метеорологиялық қызметі елдің басым бөлігінде қатты жаңбыр жалғасатынын ескертіп, соның салдарынан су тасқыны, сел жүруі және көлік қозғалысында іркілістер болуы мүмкін екенін айтты.