«Кенішті тегін бере салды». Жамаубаев Жәкішевтің сөзін теріске шығарды
Үкімет кулуарында Премьер-министрдің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Ресейге сатылған уран кеніші туралы пікір білдірді, жазады BAQ.KZ тілшісі.
Еске салсақ, «Буденовское» уран кенішінің 49 пайыз үлесі Ресейге сатылды. Ресейлік «Росатом» компаниясы кеніштің жаңа иесі атанды. Бұл шешім қоғам арасында резонанс тудырған еді. Өйткені кеніш жеке кәсіпкерге берілген деген ақпарат тарады.
Неге жеке тұлғамен мәміле жасайды? Егер ол Қазақстанның жері әрі байлығы болатын болса, оған кім рұқсат берді?, - деп сұрады журналист.
Жамаубаев «Буденовское» уран кенішінің үлесін сатудан республикалық бюджетке 150 млрд теңге түскенін айтады.
Егер қандай да бір жеке тұлға екінші тұлғамен мәміле жасап жатса – ол екінші мәселе. Бұл жалғыз объект емес қой. Қазір жалпы әлемдегі тәжірибені алып қарасаңыз, жеке компаниялар осындай кен орындарын байытып жатыр. Өйткені біздің республикалық бюджетте ондай мүмкіндік жоқ, - деді ведомство басшысы.
Министрдің сөзінше, бүкіл ірі стратегиялық нысандарда еліміздің үлесі қомақты.
Бұл жерде біздің негізгі мақсатымыз – бүкіл стратегиялық нысандарды біздің үлесіміз жоғары болуы керек және біз бақылау жүргізуіміз керек. Негізгі мәселе осында. Ал қалғаны жеке кәсіпкерлер, компаниялар, кәсіпкерлер келіп, жұмыс орындарын ашып, салық төлесе, онда біз оны құптаймыз. Бірақ ұлттық қауіпсіздік бізде әрдайым қамтамасыз етілуі керек, - деп жауап берді Қаржы министрі.