Кенеттен қайтыс болған азаматтар туралы ақпараттарды сатқан полицейлер анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордалық полиция қызметкерлері азаматтардың кенеттен қайтыс болғаны туралы ресми ақпаратты жерлеу қызметтері компанияларына сатып жіберген. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция департаменті директоры Анар Жарова айтты.

«Елорданың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі полицейлердің азаматтардың кенеттен қайтыс болғаны туралы ресми ақпаратты жерлеу қызметтері компанияларына сатқан дерегін анықтады. Олар деректерді 102 ақпараттар базасынан алып отырған. Тергеу нәтижелері бойынша осы фактілерді қалалық ішкі істер департаментіне жібердік. Соған сәйкес кезекші 9 офицер, Алматы және Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа аудандарының полиция бөлімдерінің қызметкерлері өрескел тәртіп бұзғаны үшін жұмыстарынан босатылды. Көбісі майор шеніндегі қызметкерлер. Мұндай тәртіп бұзушылық құқық қорғау органдарына нұқсан келтіреді», - деді Анар Жарова.

Оның айтуынша, тиісті бақылау болмағандықтан, аталған полицейлердің тікелей басшылары да жазаланған.  Қарамағындағы қызметкерлерге бақылау жасамаған, осындай тәртіп бұзушылықтың алдын алмаған басшыларына қатаң сөгіс жарияланған. Сондай-ақ, ескерту түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Ол, сондай-ақ мұндай фактілер басқа қалаларда болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сол себепті мұндай жағдайды байқаған жағдайда агенттіктің call байланыс орталығына хабарласу керектігін айтты.

«Біз мұндай фактілер барлық жерде болуы мүмкін деп санаймыз. Бұл тек астанада ғана емес, барлық жерде болуы мүмкін.  Сондықтан, осы мүмкіндікті пайдаланып, мен барлық мүдделі азаматтарға айтарым: егер сіз сыбайлас жемқорлық фактілері туралы білетін болсаңыз, тәулік бойы жұмыс жасайтын 1424 нөмірі бойынша байланыс орталығына хабарласа аласыз.  Осыған ұқсас және басқа фактілерді ескерусіз қалдыруға болмайды», - деді ол.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы