Кенесары ханның 225 жылдығы тойланады

Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен Мәдениет және спорт саласындағы заңнаманы жетілдіру туралы баспасөз конференциясында айтылды деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жиында БАҚ өкілі Кенесары ханның 220 жылдығына орай неге ауқымды шара өткізілмегенін сұрады. Бұл сауалға МСМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітова жауап берді.

Қолданыстағы Үкімет қаулысы бар. Оған сәйкес, республикалық деңгейде 100 жылдықтар және әр 25 жыл сайынғы мерейтойлар атап өтіледі. Сондықтан Кенесары ханның 225 жылдығы тойланады, - деді ол.

Жиында тілші тарапынан Жамбыл облысы Меркі ауданында Хан Кененің ескерткішін орнатуға қатысты мәселе Мәдениет комитетінде неге ұзақ қаралып жатқаны да сұралды.   

Жаңа ескерткіштерді орнатудың өз ережесі бар. Ол ережеге сәйкес жергілікті атқарушы орган екі кезеңнен өтеді. Бірінші кезең – министрліктің жанындағы арнайы комиссияның көмегімен ескерткішті орнату идеясын қолдау. Идея қолдау тапқаннан кейінгі екінші кезең – орнатылатын ескерткішті көркемдік жағынан комиссия қарауынан өткізу. Сондықтан қазір бұл мәселені нақты айта алмаймын, - деп жауап берді Күміс Сейітова.   

Ол сондай-ақ ескерткіш жобасы аталған рәсімдерден өтсе, биыл түскен ұсыныстар жылдың аяғына дейін қарастырылып, мақұлданатынын жеткізді. Ал қолдау таппаған жағдайда себебі айтылып, жауабы жолданатынын хабарлады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы