Кендірлі демалыс орны маңында су тұщыту зауыты салынады
Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл зауыт тәулігіне 50 мың текше метр ішуге жарамды су шығарады деп күтілуде.
Жобаны жүзеге асыру мақсатында Жаңаөзен қаласының әкімдігі, "ҚазНИПИ" мекемесі мен жергілікті мұнай-газ компаниясымен арада үшжақты келісімге қол қойылған. Зауыт іске қосылған жағдайда Жаңаөзен халқының ауыз суға сұранысы толығымен өтелуі тиіс.
Бұл туралы тұрғындармен есептік кездесуінде әкім Мақсат Ибағаров мәлімдеді. Жыл басында дәстүрлі өтетін жиында 50 кереуеттік стационары бар медициналық орталық құрылысының биыл аяқталары да сөз болды. Былтыр қалалық көп функциональды аурухананың жанынан кардиоорталық ашылғалы бері 15 науқастың ағзасына күрделі ота - "Коронография" операциясы жасалған.
Аймақ әкімі Серікбай Трұмовтың қатысуымен өткен есептік кездесуде Жаңаөзенге қарасты Қызылсай ауылында биыл дәрігерлік амбулатория салынатыны көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады. Өйткені, басы ауырып балтыры сыздаған адам әлі күнге дейін ауылдың іргесінде тұрған қалаға сабылып жүр.
Жаңаөзенге қарайтын тағы бір ауыл Рахатқа кіреберіс көшенің асфальт жолына күрделі жөндеу жасау, мұндағы дәрігерлік амбулаторияға эндокринолог, невропатолог-дәрігердің жетіспеушілігі, шағынаудандарға балалар және спорт алаңдарын салу секілді мәселелерді облыс басшысы жауапты мамандарға тез арада шешуді тапсырды.
Қала әкімінің сөзінше, ең өзекті мәселелердің бірі - жұмыссыздық. Жыл басынан бері жергілікті жұмыспен қамту орталығына 11 мыңнан астам адам хабарласып, олардың жеті мыңдайы тұрақты жұмысқа орналастырылған.
Оның ішінде 4596 адам тұрақты жұмысқа, 1443 адам қоғамдық жұмыстарға, 230 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, тағы 272 адам жастар тәжірибесіне бойынша жұмыспен қамтылды. Бұл, өткен жылға қарағанда 1169 орынға көбейгенін көріп отырмыз. Ал 2020 жылы 4725 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, "Өзенмұнайгаз" қаражаты есебінен "Өзенинвест" мекемесінде штат бірлігін ұлғайту арқылы қосымша 350 жаңа жұмыс орны құрылып, онымен жұмыссыздық есебінде тұрған азаматтар қамтылды. Олардың қызметінің негізгі бағыты - қаланы абаттандыру, спорт, балалар ойын алаңдары мен саябақтарын абаттандыру мен күтіп ұстау, - деді Мақсат Ибағаров.
Былтыр нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" бағдарламасының бірінші бағыты бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 144 адам жолданды. Соның 115-і оқуын аяқтап шықса, 78 адам қызметке тұрған.
Бұдан бөлек "Бастау бизнес" пен "Жас кәсіпкер" жобалары бойынша 680 адам кәсіп ашу тетіктерін тегін меңгеріп, сертификатын алды. Оның 150-і қазіргі таңда қайтарымсыз грант алып отыр. Тағы 17 азаматқа кәсіпкерлік мақсатқа несие берілген.
Аймақтық жоба "Нұр-капитал" аясында жалпы құны 1,4 млрд теңгені құрайтын 70 жоба мақұлданған. Олар жүзеге асқан соң 608 жұмыс орны құрылады деп күтілуде.
Тағы бір жағымды жаңалық - кешенді жоспарға сәйкес Жаңаөзен қаласының әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарын Ақтауға көшіру мақсатында республикалық бюджеттен 2,9 млрд теңге және "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамынан 1 млрд теңге бөлініп отыр.
Біздің есебіміз бойынша, 394 отбасы, яғни 1500 адам Ақтаудан баспанамен қамтамасыз етілетін болады. Қазіргі таңда 338 пәтер сатып алынып, көшуге ниет білдірген тұрғындар комиссия шешімінің оң қорытындыларын алып, келісім-шартқа отыру жұмыстары жалғасуда. Соның ішінде 70 отбасы қазірдің өзінде өз пәтерлерін алды. Биылғы жылы қосымша 150-200 пәтер сатып алу жоспарланған. Қызылсай ауылында өрт салдарынан үйсіз қалған 6 отбасыны баспанамен қамту бойынша да әкімдік тарапынан жұмыстар ұйымдастырылуда, - деді Жаңаөзен әкімі.
Қазіргі таңда Жаңаөзен халқының нақты саны 153 мың 700 адамды құрайды. Олардың 81 мыңнан астамы қалада, қалғаны Теңге мен Қызылсай елді мекендерінде тұрып жатыр.