Кендірлі демалыс аймағынан су тұщыту зауыты салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кендірлі демалыс аймағынан су тұщыту зауыты салынады. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады. 

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов "ҚазМұнайГаз"ҰК" АҚ өкілдерімен  жобаны жүзеге асыру бойынша кездесті. Бұл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі осы уақытқа дейін техникалық су шығару бойынша дайындалса, енді ауыз суын тұщыту бойынша қайта жанданатын болады.

Еске сала кетейік, осы жылдың қыркүйек айында ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Жаңаөзенді дамытудың кешенді жоспары бойынша жиын өткен болатын. Аталмыш басқосуда Үкімет басшысының Жаңаөзен қаласындағы ауыз су мәселесін шешу жөнінде арнайы тапсырмасы болды. Осыған орай, "Кендірлі демалыс аймағынан қуаты тәулігіне 45-50 мың текше метр болатын су тұщыту зауытын салу" жобасы әзірленді.

Жиналыс кезінде тараптар зауыт пен құбырларды орналастырудың бірнеше нұсқаларын ортаға салды.

"Мердігер мекеме "Қазақ мұнай және газ ғылыми-зерттеу және жобалау институты" АҚ жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін сәуір айының соңына дейін әзірлейтінін айтты. Содан кейін, жобаны үйлестіруші мекеме "ҚазМұнайГаз"ҰК" АҚ атынан әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, зауыттың нақты қуатын анықтап, құрылыс жұмыстарын ең қысқа мерзімде аяқтайтын боламыз", - деді "ҚазМұнайГаз"ҰК" АҚ мұнай тасымалдау бойынша басқарушы директоры Нұртас Шманов.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы