Кемел Тоқаев атындағы шығармалар байқауы өтеді
Көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойына орай детектив шығармалар байқауы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оған «Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС мұрындық болды. Биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отырған додаға Жетісу облысының әкімдігі қолдау көрсетіп отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпараттық алаңында «Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС директоры – Досымбек Өтеғалиев айтып берді.
Бүгінгі күнге дейін өткен байқау көпшілікке жақсы танымал. Осы доданың арқасында талай қаламы қарымды жазушы, журналистер, заңгер, құқық қорғаушылар детектив жанрында шығарма жазып, байқаудың тартысты өтуіне үлес қосты.
Биылғы детектив шығармалардың байқауы жазушының 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Әрі шараға Жетісу облысының әкімдігі қолдау көрсеткенін айта кеткеніміз жөн. Кемел Тоқаевтың туған өлкесінде өтетін байқаудың артықшылығы көп. Үміткерлердің байқау талабына сай келетін шығармалары республикалық «Заң газеті» мен «Юридическая газета» басылымдарында жарық көреді. Байқауға жолданған шығармалар zanmedia.kz сайтындағы «Детектив» айдарында жинақталып, көпшіліктің оқып танысуына, пікір білдіруіне мүмкіндік жасалады. Сондай-ақ, шара аясында бұған дейінгі байқауларда бас жүлдені иеленген үздіктер Талдықорғанға арнайы шақырылып, шеберлік сабағын өткізеді, - деді спикер.
Шығармалар 2023 жылғы 15 қазан сағат 18.00-ге дейін қабылданады. Бір автор бірнеше шығармасын ұсына алады. Мәтін, қарпі – Times New Roman, кегль - 14, жол аралық интервал – 1, түзетілуі – енінен, шет-шетінен – 2 см.. Үміткер өзінің аты-жөнін, төлқұжатының көшірмесін, ұялы байланыс номерін, электронды поштасын толық жазуы керек. Басты талап - жіберілетін материалдар детектив жанрының табиғатына сай болуы керек.
Белгіленген мерзімнен кешігіп жіберілген, конкурстың талабына сәйкес келмейтін, бұрын басқа байқауға қатысқан шығармалардың конкурсқа қатысуына жол берілмейді.
Жүлдегерлер 8 қараша күні Талдықорғанда марапатталады, уақыты мен өтетін орнын ұйымдастырушылар тағы да қосымша хабарлайды.