Кемедегінің жаны бір...
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Нұрлан Оразалиннің "Кемедегінің жаны бір..." атты мақаласы бүгін республикалық "Егемен Қазақстан" газетінде жарық көрді. Тұшымды дүниені біз де оқырман назарына ұсынғанды жөн санадық.
«Малыңды жауға,
Басыңды дауға
Қор қылма, қорға, татулас!»
Абай
Дүние тынышсыз...
Пандемияның құрығынан енді шықтық па деген жер шары екіге қақ айырылып, есі – екеу, түсі төртеу күй үстінде тұр.
Басы қазақтың Ұлы даласын дір еткізген қаңтардың қанды қырғынымен басталған жиырма бірінші ғасырдың жиырма екінші жылы тамырын ғасырлар қойнауынан алатын Батыс пен Шығыстың жаңа тұрпатты сұрапыл текетіресіне жалғасты. Адамзат ойы мен санасына салмағын батпандап салған осынау жүрек түршігер ғаламдық арбасулар аймақтық қақтығыстар алаңынан шығып, Еуразияның өрі мен төрін еркін кезуі, соғыс өртінің ұлғая түсуі, Украинаның қалалары мен орман-тоғайларының ажал алқабына айналуы адамзат баласын алаңдатып отыр.
Түлеген сана мен өзгерген құндылықтар...
Алты құрлықты әлекке салып, миллиардтардың жүрегін үреймен тұмшалаған қан-қырғынның шалығы тиген елдердің қатары көбеюде... Соғыс майданы ақпарат майданына жалғасып, санкциялар қырқысының беті қайтар емес. Күні кеше екпіні елді есеңгіреткен Еуроодақтың жалы құлап, «қыстан қалай шығамыз?» деген уайым қорығына қамала бастады... АҚШ Украинаға қару-жарақ беруін доғарар емес. Ресей шектеулі мобилизациясын жариялады... Бас-көз демей Украинаның төрт облысын өзіне қосты...
Геосаяси ахуалдардың шамадан тыс күрделеніп, ушығып, тамырын тереңге жібергені, қанатын кеңге жайғаны соншама, саясат дейтін сылқым мінезді кәрі қыздың ашпайтын есігі, баспайтын төрі, жүрмейтін жері, шықпайтын өрі, айтпайтын сөзі қалмады... Өрескелдік пен өркөкіректіктің онсан үлгісі өсек пен есептің қара көрігін күн-түн үрлеп бағуда...
Ұрпақ санасы арсыздықтың тұтқыны болуға айналғандай...
Адамзатқа тән ортақ өкініш – Осы!
Жер есімді планетада тұратын жеті жарым миллиард жұмырбас пенденің тағдыр-талайын ойыншыққа айналдырғысы келетіндердің жаңа дәуірі, айтуға ауыз барар емес, соғысқұмарлар дәуірі басталған сыңайлы?!.
Тұманы мен күмәні қалың дәуір!
Осындай аса күрделі, аумалы-төкпелі кезеңде ел Президенті Қазақстан халқына өзінің кезекті дәстүрлі Жолдауын арнағалы айдан асты. Әділетті Қазақстанның іргесін бекітіп, мақсат-мұратын анықтап, дәйектеу бағытында, әрі қалыптасып отырған әлемдік қиындықтар мен қауіп-қатерлерден елімізді аман алып өту үшін Жолдауда атқарылар нақты шаралар мен ұсыныстар айтылды.
Бір айдан астам уақыттан бері халық талқысына түсіп, жұртшылық тарапынан кең қолдау тапқан тарихи құжатта ел ертеңін анықтар бағыт-бағдарлар белгіленді. Президент дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқан Қазақстанның болашағы халқымыздың өз қолында екеніне баса назар аударды. «Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс.
Біз «Азамат-бизнес-мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады... Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейілінше дамытады...» дей отырып, ол осы бағытта жүргізілер реформалардың нақты бес бағдарын ұсынды.
Олар мыналар:
Бірінші: Жаңа экономикалық саясат.
Екінші: Нақты секторларды дамыту.
Үшінші: Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция.
Төртінші: Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту.
Бесінші: Заң және тәртіп.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынып отырған әр бағдар төркінінде, сайып келгенде, ел өмірі мен тағдырын оң жолға салудың, халық ойын мазалаған әлеуметтік, тұрмыстық қиындықтар мен саясатта кеткен ақаулықтарды, теңсіздіктер мен жүгенсіздіктерді шешудің жолдары мен жоспары тұр. Президент осыған дейінгі әлемдік тәжірибеде өз өміршеңдігін дәлелдеген, жүйелі түрде жүргізіліп, онсан елдердің әлеуетін күшейткен, әлеуметтік қиындықтарды шешуге мүмкіндік берген өмір сүру мен тұрмыс-тіршілікті оңайлатудың оң үлгілерін ескере отырып, Қазақстанды қалыптасқан күрделі, тарихи ахуалдар қорығынан алып шығудың саяси-экономикалық жолдарын ұсынып отыр. Өткеннің ащы сабақтарын ескеру – ел дамуына ықпал етер бірден-бір өмірлік фактор екенін ұмытпауымыз керек.
Өйткені...
Ол жады – мәңгілік айнасы.
Халық өз басынан өткен тарихтың тағдырлы сын сағаттарын есінен шығармайды. Жақсысын да, жаманын да, ауырын да, жеңілін де ұмытпайды. Әр ұрпақ өзі өмір сүріп, өзегін өртеген өмір, ақиқаты мен уақыт шындығын көкірегінде тұмардай түйіп, кейінгіге жеткізеді. Біздің ұрпақ бүгінгі екі ғасыр тоғысында ғұмыр кешіп, ұлтты сақтау мен қорғаудың ұлы міндеті иығына түскен, ел болып қалудың ауыр сындарын өткеріп жатқан ұрпақ!
Біз – Тәуелсіздіктің қадірі мен қасиетін білетін ұрпақпыз!
Тәуелсіздік арқауы – халық.
Халқының тағдыр-талайын мансап пен байлыққа жетудің көпірі етуден асқан қауіпті нәрсе жоқ. Жаһандану дәуірі кеңестер одағының орнында пайда болған тәуелсіз елдерге осы психологияны күндіз-түні тықпалаумен келеді... Бұл – бір ұлттың екінші бір ұлтты қарудың күшімен бағындырудан да қауіпті, экспансияның айлалы, қатерлі үлгісі! «Мылтықсыз майдан» ашқандардың кіші ұлттардың ақылы мен санасын, жаны мен жүрегін жаулаудың жолы! «Жаһандану заманында айдай әлем алақандағыдай болып қалған» (Қасым-Жомарт Тоқаев) жиырма бірінші ғасырда ұлтты, ұлттық құндылықтарды «көздің қарашығындай» сақтаудың аса қажет екенін Мемлекет басшысы жаңа ғасыр өріндегі Абай мұрасы мен ілімінің мәні мен мағынасы туралы жазған мақаласында барынша таратып, терең ашқан. Президенттің ұлттық сана мен ойды «пышақтың жүзімен алып өткендей» алып өтіп, тілді өрістету, ділді сақтау, Батыс пен Шығыстың өліара тұсында жайғасқан Ұлы Даланың өткені – бүгіні – болашағы жайлы толғаулары – ұрпақ санасын тәрбиелеудің ұстыны таза ұстанымдар екені шүбәсіз.
Біз таңғы ақпарат кешке жеткенше «қартайыңқырап» қалатын қадамы, ойы жүйрік, жедел заманда өмір сүріп отырмыз.
Ой, сөз, іс дейтін үш ұғымның біртұтас бірлігін бірінен-бірін ажыратпай тең ұстаған жағдайда ғана жеңіс туы қолымызда желбіремек. Кешегі сөзіңіз бен бүгінгі ойыңыз ертең атқарылар ісіңізбен сабақтасып жатуға тиіс. Бұл саясаттағы мәдениет пен табандылықтың айқын көрінісі! Қасым-Жомарт Кемелұлының арғы-бергі қоғам, заман шындықтарын жасырып-бүкпей, ел тарихына «қаңтардың қасіреті» болып енген қанды қырғынның кезінде қиындықпен қалай бетпе-бет тұрысқаны, өткеннің «ағын ақ, қарасын қара» деп жаңылмай, жазғырмай бағалағаны ел жадында. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейтін қазақтың төбе биі – Төле бабамыздың сөзі осындайда еріксіз еске түседі.
Иә...
Уақыт – сыншы...
Уақыт – емші...
Уақыт – ел өмірі мен қоғам өмірін таразы талқыға сала отырып, әр тұлғаның, әрбір адамның сөзі мен ісіне түбі адал, әділ бағасын беретін қатал, қатыгез төреші!
Ел Президентінің Жолдауын оқып отырып, дәптер бетіне сол күндерде түскен төмендегі жазбаларыма қайыра көз жүгірттім. Күйінген тұсым да, қайғырған кезім де, жүрегім атша тулап, боздаған сәт-сағаттарым да, қысқасы, бәрі-бәрі болған екен...
«Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіз ел басына сын түскенде Өзіңізге тән сабыр мен ұстамдылықтың табанды үлгісін таныттыңыз. Бүгінгі халыққа қаратып айтқан екі сөзіңіздің екеуі де естір құлаққа жетердей қанатты сөз болды. Туған елінің тағдырын ойлаған нағыз ел басшысының сөзі! Тарихи сөз! Халықтың Сізден күткені де осындай бағыты дұрыс, бағдарлы сөз еді! Дәл осы сәт-сағаттарда туған халқыңыз ғана емес, Сіздің бұл шешіміңізді адамзат әлемі ақылға салып, оң қабылдағаны күмәнсіз. «Жауды аяған жаралы» дейді біздің халық! Дәл қазір ел бірлігі мен амандығын қамтамасыз етуден артық мақсат жоқ! Тәуелсіз мемлекетімізді аман сақтап қалу үшін Сіз қандай шешімге барсаңыз да халық түсінеді деген сенімдеміз! Қауырт қимыл керек! Алла жар болсын! «Кемедегінің жаны бір» деген... Бүгінгі күн мен бүгінгі түн ел тағдырын ұлы сынға салып отыр. Қазақ елінің сағы сынбасын! Бағы сүрінбесін! Алла сәттілік берсін! Нұрлан Оразалин. 05 қаңтар, 2022 жыл. 21 сағат 37 минут» деген сөздерді асығыс ватсап арқылы сол кездегі Президент Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошановқа жіберіппін. Ертесі інімізден «Хатыңызды Президентке жеткіздім» деген хабар алдым.
Шынын айту керек, ақпараттық байланыс үзіліп, алты құрлық Алаш жұртында болып жатқан қатерлі қан-қырғын оқиғаны «Хабар-24», «Россия-24», Еuronews «РБК», «Хабар» секілді санаулы арна арқылы ғана қалт жібермей қадағалап отырған аса қиын да күрделі күндерде, мен секілді жан-жүректері күйзеліп, Қазақ елінің тілеуін тілеп, Жаратқанға жалбарынып, күңіренгендердің есебін ешкім білмейді... Өйткені олар көп болды... Өте көп!
«Жаңылғанды жазғыру – оңай. Адасқанды айыру, оң жолға салу, жөнге шақыру – қиын! Жанға батқаны – жаңылған да қазақ! Жаңылдырған да – қазақ! Жылатқан да – қазақ! Жылаған да – қазақ! Өлген де – қазақ! Өлтірген де – қазақ! Өкінішті!.. Ойласаң, сана мұздап, жүрек сыздайды... Өрт құшағында қалған Алматының әсем ғимараттарын көріп, қабырғаң қайысады... Осыдан тұп-тура 30 жыл бұрын қалың ел Тәуелсіздік алдық деп, бөркін аспанға атып жатқанда дүние есігін ашқан бесіктегі қызылшақа бала осыдан тұп-тура 30 жыл 20 күн бұрын жүз мыңдай қаралы жұрт қар аралас жаңбыр жауған желтоқсанның 16-сы күні Тәуелсіздік жарияланған қасиетті төрде – Республика алаңында ойына келгенін істеп жатыр... Атылған оқ, өрт шомылған ғимараттар... Кешегі жиырмасыншы ғасырдың көзіндей болған, сән-салтанаты жарасқан шаһар төріндегі қала әкімшілігі мен Президент Резиденциясының қызыл жалын өртіне оранған видеосын көргенде не істерімді білмей қиналдым... Тәуелсіз елдің тағдыры ұстара жүзінде тұрғанын жаныммен, жүрегіммен сезіндім. «Е, Алла, кедейшілік пен жоқшылық айдап, адасқан ұлға ақыл бере гөр! Адастырғандардың айыбын тартқыза көр! Елдігімізді сақтай көр!» деген жазбалар түсіпті күнделік бетіне.
Содан бері... Тоғыз айға тарта уақыт өтті.
Ел есін жиды, еңсесін көтерді. Ұлт тарихына «Қаңтар қасіреті» болып енген сол бір қаралы күндер бізден алыстағанымен, тақсыретті, тағдыршешті сәт-сағаттардың табы санадан кетер емес, жадыдан шығар емес...
Бүгін де, міне, Президент Тоқаевтың халыққа арнаған жолдауын кемел мемлекеттің іргесін бекітіп, әділетті Қазақстан құруға бет алған елдің болашағын анықтар бағдарлы Жолдауын оқып отырып, сол күндерді есіме алдым... Қаңтардан бергі тоғыз ай күллі жер беті тұрғындарының шақшадай басын шарадай етіп, адамзат баласын бұрын-соңды бола қоймаған сұрапыл коллизиялар қорығына айдап тықты... Ел басқару мен саяси өмірдің білім-білігін игеріп, үлкен мектебінен өткен, дәуір толқынында жүріп, қабырғасы қатайып, ойы шыңдалған, көзқарасы бекіген, халықаралық қатынастар мен дипломатияның қыр-сырын толық меңгерген, жаратылысынан халықшыл, қоғамшыл, мемлекетшіл Қазақстан басшысы қысқа уақыт ішінде әлемдік саясаттың құбылған құрсауына түсті. Бір сыннан шығып, екінші бір сынның емтиханынан өтті. Сөзінен сүрінбеді. Ойынан жаңылмады... Саяси тұлғаның сабырлы мінезі мен салмақты көзқарасы қалың елдің сенімін бекіте түсті. Қазақстан Президентінің іргелі мақсат жолында қиындық атаулыдан ықпайтын саясаткерлік ұстанымына елдің де, әлемнің де көзі жете түсті. Ел тізгінін ұстаған күннен бастап «халық сөзіне құлақ асатын мемлекет» құру ісін қолға алған саясаткер Қ.Тоқаевтың табанды бейнесі осы қысқа уақыт ішінде қалыптасты. Нені айтса да, нені істесе де аспай-саспай, алып-ұшпай, жүйелі түрде атқаруға дағдыланған Мемлекет басшысының портреті, жұрт санасында бекіді. Жолдаудың кіріспесінде айтылғандай әуелі, жалпыұлттық референдумда мемлекеттің саяси жаңғыру бағдарын анықтаған ол – ұлттың әлеуметтік өміріндегі ақаулықтардың астары саясаттағы бойкүйез самарқаулық пен ел ішін індете жаулаған коррупцияда жатқанын ашып айтты. Қоғамдағы теңсіздіктің ақыры «әлеуметтік ашу мен ашынуға» қалай алып келгеніне халық назарын бұрды. «Мемлекет игілігінің 50 пайызы 162 адамның қолында тұрғандығы» туралы сөзі мен офшорларда жасырынған қисапсыз қаражатты елге қайтару хақындағы үкіметке берген нақты тапсырмалары халық көңілінен шықты...
Әділ сөз! Адал ұғым!
Саясат аренасынан аулақтаңқырап кеткен осы бір киелі сөз бен қасиетті ұғымның қадірін кетірген уақытқа ренжіріңді, әлде ақша мен алтынға сатылған арзанқол саясатшыларға ренжіріңді білмейсің?!. Көрінген көк аттының қоржынына байланған топтар мен алпауыт елдердің «жобасына» айналған «тұлғасымақтардың» айқай-сүреңі бел алған заман?! «Қара қылды қақ жарып айтқан» әділ билер «көзден бұлбұл боп ұшқан» дәуірге не дерсің?! Жанға батады... Әсіресе замана үрдісі қалыптастырған бүгінгі желі бетін кезіп жүрген «бет тырнағыш», «шаңқылдағыш», «жаптым жала, жақтым күйеге» негізделген айқайшылдардың қатары есепсіз көбейіп бара жатқанына қынжыласың... Тағдыры талауға түсіп, өкінішке қарай, үшінші елдер қатарынан ұзап шыға алмай жүрген Алаш жұртының әлеуметтік желі жетегіне ессіз байлануы бізді қатты ойлантады. Қазақстан Президентінің: «Әлем жылдам өзгеріп жатыр. Бірақ көбіне жақсы жағына емес...» деп, осы жылғы маусым айында өткен Петербор форумындағы сөзі еріксіз еске түседі.
Бұл сөздің астарында сөз бен ойдың қадірі жүдеңкіреген жиырма бірінші ғасырдың рухани кескіні жатқаны айдан анық... Тарихи шындық пен саяси баға тура беріліп, әрі сауатты, әрі әділ айтылған сәт-сағат қаз-қалпы жадымызда. Әсіресе ел Президентінің Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғылық қайшылықтары мен ұйымның қауқарсыздығы туралы айтқан сыны әлем жұртының ойынан шықты... Қит етсе, Қазақстанға «соқтығуды» кәсіп көретін қайсыбір Ресей саясаткерлері мен журналистеріне де сол жолы Қасым-Жомарт Кемелұлы ашық, айқын жауап бере отырып, әлемнің алдында тұрған ең басты күретамыр сауалдардың бірі – ДНР мен ЛНР туралы ойын бүкпесіз таратып, үзілді-кесілді кесіп айтқаны есімізде. Сол күні Қазақ Президентінің саяси, тұлғалық жаратылысы мен ұстанымын айдай әлем таныды! Сол брифингтен соң алты құрлықтың саясаткерлері мен басшыларының назары бірден Қазақстан Президентіне бұрылды. Тұлға тұғыры биіктей түсті.
Иә...
Бұл – ел тізгінін ұстаған тұлғамен қоса, уақыт көлденең тартқан қиындықтарды игеруге бет алған Қазақ елінің де биігі еді...
Ел дамуын әлемдік өркениеттің дамуымен үйлестіре отырып, жаңа дәуір қалыптастырған демократиялық құндылықтарды Ұлы дала жұртының мінез-құлқына сай өрістету, ел тағдырын өз тағдыры санайтын отаншыл, халықшыл, қоғамшыл тұлғаларды барынша мемлекет ісіне тарту, ғаламдық технологияны ұршықтай иірген білімді, мінезді жастарды тәрбиелеу секілді ізгі қасиеттерге кең жол ашу – Мемлекет басшысының қазіргі таңдағы басты саяси, адами, тұлғалық ұстанымы! Бұл айтқандарымызды түбегейлі өзгерістерге түскен Ата Заңымыздан да, соңғы Жолдаудан да, Біріккен Ұлттар Ұйымының кезекті сессиясы мен ШЫҰ-дағы сөйлеген сөздерінен де анық аңғарамыз.
Ел бүгіні мен ертеңін қамтамасыз етер даму мен өрістеудің бұл айтулы принциптері мен ұстанымдары мемлекет өмірінің ұзақ мерзімін қамтитыны сөзсіз. Қасым-Жомарт Тоқаев әр сөзі мен әр бабы құқықтық сүзгіден өткен, саяси, экономикалық қазық-бауы берік реформаларды жүзеге асыру үшін уақыт қажет екенін ашып айтты. Ол: «Қазіргі геосаяси жағдайда біз мемлекетімізді біртіндеп нығайтып, реформалар мен жаңару бағдарын нық ұстануымыз қажет! Барынша мұқият әрекет жасап, еліміздің ұзақ мерзімді мүддесіне сай жұмыс жүргізуіміз керек! Реформалардың қазіргі қарқынын сақтау, саяси мәселелердің бәрін кейінге қалдырмай шешу аса маңызды» дей келіп, кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынды. Президент мандатының ұзақтығын 7 жылмен шектеп, қайта сайлануға тыйым салу нормаларын жалпыхалықтық талқыға салды. Қос палатадан қолдау тапқан конституциялық өзгерісті өз Жарлығымен бекітті. Сайлау мерзімін биылғы 20 қарашаға белгіледі. Өзінің сайлауға түсетінін мәлімдеді.
Сонымен...
«Ендігі жеті жыл ішінде ел тізгінін кім ұстайды? Қалай ұстайды?» деген сауалдар Ұлы даланың ендік-бойлығын ерсілі-қарсылы кезе бастады. Бұл заңды. Демократиялық ел басқару үлгісін «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» дейтін құрылымға негіздеген Жаңа Қазақстанда саяси билікті анықтаудың аламаны басталды.
Қазақта ел мен ердің ойы мен сөзі, ісі мен әрекеті, мақсаты мен міндеті сынға түскенде тіл ұшына оралар Тәуекел дейтін бір киелі сөз бар. «Тәуекел дейтін жел қайық. Мінесің! Мінесің де өтесің... Мұратыңа жетесің!» дейді сол мағынасы мен мәні терең ұғымға біздің ондаған ғасырды үкілеп ұстап, үрген желге тигізбей, үміт пен сенімнің шырағын сөндірмей алып келе жатқан Алаш ойлы адал жұртымыз.
Бүгін де, міне, Алаш мұратының үміті мен сенімін, ойы мен міндетін арқалаған Қазақ елі өзінің ертеңіне алып барар жаңа, тағдырлы жолды тағы да Тәуекел дейтін сол алып кеменің желкеніне тапсырып отыр.
Алты құрлық аласапыран...
Адамзат алаңдаулы...
Тоғыз валды дауылдың өкірген үні құлағымызға жетіп тұр...
«Кемедегінің жаны бір...» деген ескіден қалған есті сөз еске түседі. «Сыртыңды – жауға, ішіңді дауға алдырма!» деген бабаларымыз. Елдік туын көтеріп, еліне жол ұсынып, Әділетті Қазақстанның көшін бастаған Тұлға айналасына шоғырланар, Тәуекел айтып топтасар кездің келгенін ой-санамызбен, жан-жүрегімізбен сезінер кезеңнің қыр астында тұрғанын ұмытпауымыз керек!
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты