Кембридж университетінің ғалымдары Алаш Орда мұрасын талқылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алаш Орданың жетістіктері мен мұрасы XX ғасыр басындағы Орталық Азия тарихына арналған Кембридж бейнеконференциясының басты тақырыбы болды.
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шара Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің қатысуымен Кембридж университеті Корольдік колледжінің Жібек жолы бағдарламасымен (Silk Roads Programme) ұйымдастырылды.
Іс-шараны ашқан Оксфорд университетінің әлемдік тарих профессоры және «Жібек жолы: Әлемнің жаңа тарихы» жаһандық бестселлерінің авторы Питер Франкопан Орталық Азия тарихын зерттеудің, сондай-ақ, өңір елдерімен зерттеу ынтымақтастығын арттыру маңыздылығын атап өтті.
Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов Қазақстан және басқа Орталық Азия елдер тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойында іс-шараны өткізудің ерекше орындылығын атап өтіп, Алаш қозғалысының қазақ қоғамындағы тәуелсіздік пен ұлттық бірегейлік идеяларын қалыптастырудағы бүгінгі күнге дейінгі рөлін атап өтті.
Ол сондай-ақ қатысушылардың назарын батыс ғылымында өңірдің неғұрлым терең және мамандандырылған зерттеулерінің жетіспеушілігіне аударып, осы олқылықтың, оның ішінде осындай іс-шараларды өткізу арқылы толтырылатынына үміт білдірді.
XIX ғасырдан бастап кеңес кезеңінің басына дейін қазақ зиялыларының тарихына маманданған Хоккайдо университетінің профессоры Томохико Уяма Алаш Орда тарихына қысқаша экскурс жасады. Ол Алаш қозғалысына қатысушылардың тек 1917 жылғы революция кезінде және одан кейін ғана емес, кейінгі кеңестік кезеңдегі ықпалы туралы да айтып берді.
Сталиндік қуғын-сүргіннен кейін және қайта құру кезеңіне дейін Алаш Орда Қазақстан тарихынан іс жүзінде өшірілді, ал қозғалыс белсенділерінің көптеген шығармасына тыйым салынды. Алайда қазақ коммунистері 1920 жылдары бұрынғы алашордашылардан көп үйреніп, олардың қазақ мемлекеттілігін, мәдениетін және қоғамын дамытуға деген ұмтылысына қосылғанын ұмытпауымыз керек, – деді ол.
Стаффордшир университетінің оқытушысы доктор Алун Томас Гарвард университетімен бірлесіп, ерте кеңестік Орталық Азия ішіндегі шекараларды картографиялау бойынша өзінің жаңа зерттеуі туралы баяндама жасады. Зерттеудің түпкі мақсаты – уақыт өте келе шекаралардың өзгеруін бақылайтын және экономикалық, саяси, құқықтық және басқа оқиғалар мен себептердің осы өзгерістермен арақатынасын анықтайтын сандық тарихи анықтамалық құру. Тағы бір мақсат – Орталық Азиядағы аумақтық өзгерістерді неғұрлым кең, жаһандық тарихи контекстінде қарастыру.
Назарбаев Университеті тарих кафедрасының доценті Никколо Пьянчола Ресей империясы мен ерте Кеңес Одағының Қытаймен сауда алмасуын зерттеу негізінде трансшекаралық аймақаралық алмасулардың әлеуметтік тарихына ден қойды.
Джон Мурс атындағы Ливерпуль университетінің тарих және әлеуметтік ғылымдар институтының постдокторанты доктор Ботакөз Қасымбекова ерте кеңестік Орталық Азия аумағын басқарудың әкімшілік, заңдық және идеологиялық аспектілері туралы айтып берді.
Конференция барысында өткен сұрақ-жауап сессиясы аясында ғылыми қоғамдастық өкілдері Алаш Орда үшін географиялық шекаралардың маңыздылығына, ерте кеңестік Орталық Азиядағы билікті орталықтандыру процесі мен салдарына, сондай-ақ, өңірдегі мұрағат материалдарының қолжетімділігі мен зерттелінгеніне қызығушылық танытты.