"Келісі 1800 теңге". Атырауда киік еті сатылып жатыр

Өткен айдың ортасынан бастап Атырау облысында киік еті сатыла бастады. Бүгінге дейін жергілікті халық ақбөкен етінің 50 тоннасын алып үлгерген. Өнімді саудалаумен әзірге облыстағы жалғыз серіктестік айналысып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Атырау облысында киіктің саны тұрақты. Сол себепті қазір оны мұнайлы өңірде атуға рұқсат жоқ. Ал көршілес Батыс Қазақстан облысында шамамен 450 мың бас ақбөкеннің басын қысқарту керек. Жануарлар ауыл шаруашылығы саласына, шаруаларға кесірін тигізбес үшін, үй малына түрлі ауру таратпас үшін бұл жұмыстарды жүргізу маңызды. 

Қазір Атыраудағы «Батыс.кз» серіктестігі киік етін БҚО әкеліп, жергілікті нарыққа шығарып отыр. Осы уақытқа дейін, яғни қыркүйектің 15-нен бастап бүгінге дейін жергілікті тұрғындар 50 тонна ет сатып алып үлгерген екен. 

Біз «Охотзоопром» мекемесімен келісімге отырып, қыркүйектің 15-нен бастап әкелдік осы атырауға. Арнайы құжатымыз бар. Мал сою, ет өңдеу цехы талапқа сай. Бәрі тексеріледі. Сол себепті айналысып жатырмыз осы жұмыспен. Күнделіктісі күнде келіп жатады. Атырау қаласына фурамен тасылады. Араға 2-3 күн салып келеді. Атырау қаласында сойылады. Ол жерде жеңіл қылшықтары үйтіледі, жуылады, тоңазытқышқа кіргізіледі. Соның бәрінен өткеннен кейін ішке әкеліп, сатылады. Тұрғындарда алаңдайтын негіз жоқ. Бұл кәдімгі заңды құжатымен келіп жатқан дүние. Ветеринарлық бақылау бар, жауаптылар тексереді,-дейді «Батыс-кз» серіктестігінің директоры Серік Қапар. 

Киік етінің келісі 1800 теңгеден сатылады. Осы уақытқа дейін өткен тауар мөлшеріне қарап, сұраныс жоқ деп айта алмайсың. Осы тақырыпқа байланысты тұрғындардан сауалнама алдық. Халықтың пікірі екіге бөлінді. 

Сауалнама: 

Білмеймін енді, өзім жеп көрмегесін ала алмаймын. Ондайларды жей алмайды екенмін. Үйренбегесін қаншама арзан болса да алып көрген емеспін осы уақытқа дейін. 

Әлі алған жоқпын мен. Бірақ бағасы қолжетімді екен. Ақша үнемдеу мақсатында неге алмасқа?! Әрине, алуға болады. 

Мен алмас едім. Ол киік жабайы аң ғой. Қалай сойылғанын, кім сойғанын білмейсің. Қауіпті сияқты. Сол себепті мен ондайға қарсымын. Сиыр мен жылқы еті жетіп жатыр,-дейді қала тұрғындары. 

Саяхатшы, жергілікті белсенді, саладан хабары бар азамат Берік Есенғалиев жауаптылармен бірге процесті көзбен көру үшін арнайы БҚО барып келген. Бәрі талапқа сай жасалатынын айтады. Тұрғындарға алаңдайтын негіз жоқ деген пікірде. 

БҚО Жәнібек ауданына барып жауаптылармен арнайылап көріп келдім. Қалай ауланатынын қарадым. Расымен де атпайды екен киікті. Қуып әкеліп торға қамайды, кейін бауыздайды. Содан соң ішкі құрылысын тазартып, мұздатқышы бар машиналарға салып, тиеп жібереді. Менің көргенім сол. Ешқандай да қорықпай сатып ала беруге болады деп айтар едім жұртқа. Адалынан сойылады. Қазір ет қымбатсып жатыр ғой. Киіктікі қолжетімді. Алып қалған дұрыс,-дейді Берік Есенғалиев. 

Расында қазір сатылып жатқан киік етінің келісі 1800 теңге. Бөлшектеп не көп көлемде де алуға мүмкіндік бар. Сиыр мен жылқы етінің бағасы соңғы уақытта аспандап барады. 

Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, ірі қара өнімінің құны дүкен сөрелері мен базарларда 4800 теңгеге дейін барады. Бірақ әкімдіктегілер бағаны тұрақты ұстап тұру үшін бәрін жасап жатырмыз дегеннен танбайды. 

Үкімет қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының тізімі негізінде әкімдікпен сиыр еті өнімінің сүйекті жауырын, төс бөлігі бағасына мониторинг жүргізіледі. Қазіргі таңда жергілікті шаруа қожалықтарынан және БҚО орташа бағасы 2900-3100 теңгеден тасымалданып, бөлшек саудада 3200-3300 теңге  аралығында сатылып жатыр. Тұрақтандыру қорының айналым схемасы шеңберінде арнайы белгіленген сауда-саттық нүктелерінде 2500-3100 теңгеден сатылып жатыр. Сонымен қатар, апта сайын өтетін жәрмеңкелерде жергілікті шаруа қожалықтарымен сиыр еті 3000 теңгеден сатылуда. Ет өнімінің бағасы әкімдіктің тұрақты бақылауында,-дейді Атырау облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Ризабек Мұсағалиев.

Атырау облысына әкелінген киік етін жауапты инспекция мамандары мен ветеринарлар қадағалайды. Киікті аулап сату қараша айының соңына дейін жалғасады. 

2025 жылы Үкімет қаулысымен киіктердің санын реттеу бойынша Орал популяциясына рұқсат берілген болатын. Сол бойынша қазір Батыс Қазақстан облысында киіктерді аулау жұмыстары жүріп жатыр. Енді оның жауапкершілігіне келетін болсақ бұл ауланған жерден бастап сол жауапты ет өңдеу комбинатына дейін біз комитеттегілер жауаптымыз. Яғни мамандар ауланған жерден ет комбинатына әкеледі, кейін сойып тапсырғаннан кейін жергілікті атқарушы орган ары қарай ветеринарлық қадағалауында болады. Киікті бұрын, яғни 2023 жылға дейін саны азайғасын атуға тыйым салынған болатын. Қазір саны өзінің ретіне келді. Енді аңшылыққа рұқсат бар. Қызыл кітапта емес. Уақытша тыйым болды, қазір ол жоқ,-дейді Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Мереке Шалқаров.

Киік еті тек Атырау қаласында сатылып жатқанымен, қазір облысқа қарасты аудандардан да сұраныс бар екен. Жауапты серіктестік өкілдері өнімді ауылдарға тасымалдау мәселесін қарастырып жатыр. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы