Келіндік өмір һәм кәсіпкер келін
Тірліктің тұтқасы – еңбек. Ал еңбекке бейімделген жан үшін ауыл – алтын ұя ғана емес, кәсіп пен табыстың қайнар көзі. Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Бесағаш ауылында тұратын Лаура Дадабаева осының жарқын дәлелі. BAQ.KZ тілшісі қарапайым ауылда жүріп, кәсіптің тұтқасынан ұстап, қиындықтан қаймықпай, өз ісінің шебері болған жанмен сұхбаттасты.
Талбесіктен басталған тігіншілікке деген махаббат бүгінде нағыз кәсіби шеберханаға ұласқан. Көрпе тігіп, қыз жасауын әзірлеп, ауылдастарының қуанышын бөлісіп жүрген Лаураның шеберханасы бүгінде күн сайын тынымсыз еңбекке толы. Жалындаған жас шағында тұрмысқа шығып, бала тәрбиесімен үйде отырып, енесінен тігіншілікті меңгеріп алды. Қолы алтын анасының жанында отырып көрпе көктеген, алғашқы оюды өзі қиып, мақта салып үйренген қарапайым ауыл әйелі бүгінде өз ісінің шебері. Жылдар бойы үй ішінде, шағын ауқымда тігіп жүрген ісін бір жүйеге келтіру, кәсіби деңгейге жеткізу – арманы еді. Арман болғанымен, оған апарар жол оңай болған жоқ. Қаржы тапшылығы, құрал-жабдықтың жетіспеуі, уақыттың таршылығы – бәрі де кедергі болған. Бірақ, 2024 жылы ел көлемінде жүзеге асып жатқан “Ауыл аманаты” бағдарламасы дәл сол уақытта, дәл сол қажет кезеңде жолықты. Бағдарлама арқылы 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несие – кәсіпке батыл қадам жасауға мүмкіндік болды. Кәсіпкер мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін тиімді пайдалана отырып, 3 миллион теңгеге жуық несие алып, тігін машинасын, матрас тігетін аппарат пен мақта түтетін құрылғылар сатып алды. Сонымен қатар, түрлі мата, жіп пен тігінге қажетті құрал-жабдықтар да жаңартылды.
Бұл несие мен үшін тек қаржы емес, өз-өзіме деген сенімнің бастауы болды, – дейді Лаура Дадабаева. –Тігінмен мен бірнеше жылдан бері айналысып келемін. Бірақ қолда барымен шектелуге тура келді. Қажетті құра л-жабдықтың болмауы, қолмен түтіп, қолмен тігу – көп күш пен уақытты алатын. Оның үстіне мен көпбалалы анамын. Күндіз үй тірлігімен, балалармен айналысып, кеш бата ғана тігін машинасының қасына отыруға мүмкіндік табатынмын. Тапсырысты да аз алуға тура келді, өйткені бір көрпені тігуге екі күн кететін. Бірақ “Ауыл аманаты” бағдарламасы жай ғана көмек емес, мен үшін үлкен серпіліс болды. Осы бағдарламаның арқасында жаңа тігін машинасын, матрас тігетін аппаратты, мақта түтетін арнайы қондырғыны сатып алдым. Бұрын қолмен жасайтын көп жұмысты қазір техника атқарады. Соның арқасында күніне 8-10 көрпе дайындай алатын жағдайға жеттім. Уақытым үнемделді, жұмысым жеңілдеді, тапсырыс та көбейді. Қазір әр көрпені сүйіспеншілікпен, қуана отырып тігем. Қолдан шыққан әрбір бұйым – бір отбасының қуанышы. Соған кішкентай болса да үлес қосып жатқанымды мақтанышпен айтамын.
Бүгінде оның шеберханасы – ісі ілгері, тірлігі тиянақты өндіріс орнына айналған. Күніне 8-10 дана көрпе, бірнеше жастық, матрас, қыз жасауына арналған жиынтықтар әзірленеді. Ең ерекше бағыты – ескі мақталарды қайта өңдеу. Ауылдастары ескі көрпелерін, мақталарын әкеліп, жаңартқызып алып кетеді. Бұл – әрі үнем, әрі экологияға пайдалы қадам. Мақтаны түту, өңдеу, оны жаңа бұйымға айналдыру – көз майын тауысып, білектің күшімен атқарылатын шаруа. Сағаттап тұрып істейтін жұмыс, қондырғы мен иненің үнін тыңдай жүріп, кәсіпкер кәсібін жүрекпен жүргізіп отыр.
Кәсіпкер болашақта өнім түрін көбейтуді, перде, ұлттық нақыштағы жамылғылар мен киім тігу, тіпті балаларға арналған бұйымдарды әзірлеуді де жоспарлап отыр. Сонымен қатар, интернет арқылы тапсырыс қабылдау, дайын өнімді аудан орталығына және көршілес ауылдарға жеткізу қызметін де іске қосуды көздеуде.
Әйел адам ауылда отырса да, кәсібін жүргізе алады. Мемлекет мүмкіндік беріп отыр. Тек соны дер кезінде пайдалана білу керек, – дейді іскер тігінші Лаура Дадабаева. - Қазір елімізде әсіресе әйел кәсіпкерлерге көп жағдай жасалып жатыр. Бұрын ауыл әйеліне таңдау аз болатын. Немесе бір істі бастауға қорқатынбыз. Қаржы керек, қолдау керек, сенім керек. Қазір оның бәрі бар. Тек ерінбей, әрекет жасау керек. Мен сияқты үйде отырып-ақ кәсібін дөңгелетіп отырған әйелдер көп. Солардың қатарында екеніме қуаныштымын. Үйдегі цехтың тағы бір артықшылығы – бәрі көз алдымда. Балаларымның қасындамын. Таңертең оларды мектепке шығарып салып, түске дейін тапсырысымды дайындаймын. Үй шаруасынан да қол үзбеймін. Ата-енем бар, оларға да көңіл бөлем. Егер сыртта жүріп істесем, мұның бәріне үлгермес едім. Ал қазір барлығы үйлесім тапты. Жұмысым мен отбасы – қатар алып жүрген тірлігім. Өз кәсібің болған қандай жақсы! Ең бастысы – өз ісіңнің иесі боласың. Бастық та өзің, жауаптысың да өзің. Қолыңнан шыққан әр бұйым үшін өзің жауап бересің, ал еңбегіңнің өтеуі – тапсырыс берушінің разылығы мен алғысы. Ол – ең үлкен марапат. Тұтынушы “қолыңыз жеңіл екен, көрпеңіз жып-жылы, сапасы тамаша” деп алғысын айтып жатқанда, менің бар уайымым ұмытылады. Сол сәттер маған ерекше күш береді.
Лаура Дадабаеваның табысты кәсіпкерге айналуы – “Ауыл аманаты” жобасының нақты нәтижесінің бірі ғана. Жамбыл ауданында бұл бағдарлама аясында ондаған жоба қаржыландырылып, жүздеген ауыл тұрғыны өз кәсібін ашуға мүмкіндік алды. 2024 жылы Айшабибі, Қарасу, Тоғызтарау ауылдық округтері бойынша 17 жоба жүзеге асты. Оның ішінде 525 бас мал сатып алынған 16 мал шаруашылығы жобасы және 1 наубайхана іске қосылды. Сондай-ақ, 2024 жылы жобаның кәсіпкерлік бағыты бойынша 5 ауылдық округтен 24 жобаға 173,5 млн теңге көлемінде несие берілді. Бұл тізімде Бесағаш ауылынан 4 жоба, соның ішінде – Лаура Дадабаеваның тігін цехы да бар. 2025 жылы бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасып, 7 ауылдық округтен 37 жоба 258,2 млн теңгеге қаржыландырылды. Жобалар ауыл тіршілігіне қан жүгіртіп, елді мекендерде жаңа кәсіп түрлерінің пайда болуына сеп болды. Жиһаз цехы, фаст-фуд тағамдары, массаж орталығы, жылыжай, дәнекерлеу цехтары, балық шаруашылығы – бәрі де ауыл келбетін өзгертіп, жаңа серпін беріп отыр.
Ұлттық нақыштағы көрпелер, оюлы жамылғылар, қыз жасауына арналған жиынтықтар – бүгінде көптің талғамынан шығып, сұранысқа ие болып отыр. Қолмен тігілген, шынайы еңбекпен дайындалған бұйымның жөні де, жолы да бөлек.
Мен тіккен әр көрпені ұрпағымның бір тойына тігіп жатқандай тігіп, әр оюға өз жүрегімнің жылуын қосам. Бұл – жай көрпе емес, қазақтың сәні, салты мен қуанышының белгісі, – дейді Лаура Дадабаева. - Шынын айтқанда, бұрын “ауылда отырып кәсібін жүргізу мүмкін емес” деген теріс түсінік болатын. Қазір заман өзгерді. Мемлекет кәсіп бастаймын деген адамға көп мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе, “Ауыл аманаты” секілді бағдарламалар ауыл тұрғындары үшін нақты көмек. Мен де осы қолдауды пайдаландым. Енді өз кәсібім бар, жұмысым өз қолымда. Ауылда үйде отырсаң да, табыс табуға болады. Қолыңнан іс келсе, ешқашан кеш емес. Тек әрекет керек. Қыз-келіншектерге айтатыным – қорықпаңыздар! Қазір мемлекет сіздерге қарап отыр. Бар мүмкіндікті пайдаланыңыздар! Тігін болсын, наубайхана, шаштараз, жылыжай – бәрі де бастауға болады. Еңбектің нәтижесі міндетті түрде болады. Батыл қадам жасадым. Қазір нәтижесінде кешке үйдің тіршілігіне араласам. Қолымда үлкендерім бар, ата-енемнің батасын алып, үйден алыс кетпей-ақ жұмыс істеп жүргенім – өзім үшін үлкен бақыт. Мемлекеттен беріліп жатқан әр қолдаудың артында бір отбасының үміті, бір ананың арманы жатыр. Сол мүмкіндікті дер кезінде пайдалана білу – әр адамның өз қолында. Сондықтан батыл болайық!
"Ауыл аманаты" жобасы – жай ғана қаржылық көмек емес, бұл ауыл адамдарының қолына мүмкіндік пен үміт беріп отырған үлкен әлеуметтік бағдарлама. Бүгінгі таңда кәсіп бастағысы келетін, бірақ қаржылай қолдауға зәру қаншама ауыл тұрғынына жаңа өмірдің есігін ашты. Бесағаштық тігінші Лаура Дадабаеваның еңбек жолы – соның жарқын үлгісі. Бір кездері үйдің бір бұрышында тігілген көрпе бүгінде кәсіпке айналып, ауылдағы өз ісін дамытқысы келетін талай жанға жігер сыйлап отыр