Өзге аймақтардан келгендер дәрігерлік тексеруден өтуі міндетті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінде індетпен күресте Түркістан облысы әкімдігі, дәрігерлер мен құқық қорғау органдары жүйелі жұмыс атқаруда. Облыс бойынша профилактикалық және ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, 20 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласынан Шымкент қаласына келген 24 жастағы азаматтан инфекция анықталды. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан-Шымкент бағытындағы 646 FNB 13 нөмірлі автобуспен келген азаматтардың аты-жөндері анықталды. Бұл азаматтар өз еріктерімен жергілікті медицина мекемелеріне барып, тексерілуден өтуі тиіс. Төтенше жағдай кезінде өзінің ауырғанын жасырып, өзгелерге вирус жұқтыру ҚР Қылмыстық кодексі бойынша жауапкершілікке тартылады. Бүгін бұл туралы облыс әкімдігі жанынан құрылған ситуациялық орталықта Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлім етті.
Сіздер, инфекцияның алдын алу және онымен күрес бойынша барлық мәліметті 109 колл-орталығына қоңырау шалып немесе Түркістан облысы әкімдігінің "Түркістан COVID-19 облыстық шұғыл ақпарат тарату штабы" парақшасынан біле аласыздар. Бәрімізді қазір бұл жайт алаңдатып отыр. Сол себепті, гигиеналық және сақтық шараларын, қоғамдық тәртіпті қатаң сақтауды өтінемін!,- деді Сакен Қалқаманов.
Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде коронавирус жұқтырған 88 азамат тіркелді. Түркістан облысының аумағында індеттің алдын алу шаралары күшейтіліп, облыстың кіреберістеріне блок-посттар қойылды. Адам көп шоғырланатын ірі сауда орындары мен ойын-сауық орталықтары және базарлар уақытша жабылып, жұмыс істеуіне шектеу қойылды.