Келесте ғасыр жасаған әже мен елге еңбек сіңірген аналарға құрмет көрсетілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы, Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев 8 наурыз күні 100 жасқа толатын Нанабекова Қатира әженің шаңырағына барып, мерекемен құттықтады.

Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

 Аудан басшысы ғасыр жасаған кейуананың хал-жағдайын сұрап, иығына ақ жаулық жауып, сыйлық табыстады. Өз кезегінде арнайы құттықтай келген азаматтарға ризашылығын білдірген ардақты әже елдің амандығын тілеп, ақ батасын берді.

1922 жылдың 8 наурызында дүниеге келген Қатира 1950 жылы Келес ауданының тұрғыны, соғыс ардагері Башар Нанабековке тұрмысқа шыққан. Бүгінде өнегелі әулеттің шамшырағы болған Қатира әжей бейнетпен өткен ғұмырының зейнетіне бөленіп, ұрпақтарының алдында бақытты өмір кешіп келеді. Тылда тер төгіп, еңбек еткен ол өмірге әкелген 4 перзентінен 15 немере 52 шөбере сүйіп отыр.

Аудан әкімі мереке қарсаңында аудандық мәдениет үйінде келестік ардақты аналар мен елге еңбек сіңіріп жүрген қыз-келіншектерді марапаттады. Бүгінде Келес ауданында 13 мыңнан астам көпбалалы ана бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Алдыңғы жаңалық
Алматыдағы эпидахуал
Өзгелердің жаңалығы