Келесі жылы Қазақстанда мобильді байланыс тарифтерінің бағасы өсуі мүмкін
Вeeline тарифтерді 10 пайызға, Kcell 10–12 пайызға, ал Tele2 мен Altel кейбір жоспарларда 15 пайызға дейін қымбаттатуды жоспарлап отыр.
Қазақстандағы үш ірі ұялы байланыс операторы тариф құнын орта есеппен 10–15 пайызға көтеруді жоспарлап отыр. Бұл туралы компания басшылары Үкіметте өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«КаР-Тел» ЖШС (Beeline) бас атқарушы директоры Джаббор Каюмов тарифтердің қымбаттауын телекоммуникация саласының көп инвестиция талап етуімен және желілерді одан әрі дамыту қажеттілігімен түсіндірді.
Соңғы бірнеше жылда оператордың күрделі инвестицияларының орташа көлемі табысының 20 пайызына жетеді. Желіні дамыту үшін қаржы қажет. Қазақстан тұрғындарын сапалы байланыспен және соңғы технологиялармен қамтамасыз ету үшін жабдықтарды әр бес жыл сайын жаңартып отыру керек, – деді ол.
Оның айтуынша, Beeline биыл тарифтерді орта есеппен 10 пайызға көтеруді жоспарлап отыр. Бұл өсім инфляция деңгейінен аспайды. Өзгерістер барлық абонентке бір мезетте емес, әртүрлі тарифтік жоспар бойынша кезең-кезеңімен енгізіледі.
«Кселл» АҚ басқарма төрағасы әрі бас атқарушы директоры Асқар Жамбакин де қызмет құнын қайта қарау жоспары бар екенін айтты. Оның сөзінше, соңғы төрт жылда компания инфрақұрылымды дамытуға 468 миллиард теңге инвестиция салған.
Атап айтқанда, соңғы үш жылда 4G базалық станцияларының саны 5 мыңнан 11 мыңға жуықтаған. Бұдан бөлек, 3 мыңға жуық 5G базалық станциясы орнатылған. Қазір 5G желісі ел халқының 64 пайызына, ал 4G шамамен 95 пайызына қолжетімді.
Әрине, бұл – қайтарымы болуы тиіс инвестициялар. Электр энергиясының құны, жабдықтарға жұмсалатын шығындар және басқа да шығыстар өсіп жатыр. Біз тарифтік жоспарлардың бағасын нарық жағдайына сәйкес реттейміз. Орта есеппен 10–12 пайызға қымбаттауы мүмкін, – деді Асқар Жамбакин.
Ал «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Tele2 және ALTEL) басқарма төрағасы Александр Бабичев тарифтерді қайта қарау қажеттігін мобильді интернетті тұтыну көлемінің артуымен және желілерді кеңейтуге инвестиция салу қажеттігімен байланыстырды.
Оның дерегінше, соңғы жылдары Қазақстанда бір абоненттің мобильді интернетті орташа тұтыну көлемі төрт есе өскен. Сонымен қатар соңғы төрт жылда бір гигабайт интернеттің орташа құны доллармен есептегенде 40 пайызға төмендеген.
Бабичевтің айтуынша, ұзақ мерзімді перспективада мобильді байланыс абоненттік төлемінің өсу қарқыны инфляция деңгейінен төмен болып отыр.
Тарифтік жоспарлардың бағасы өсіп жатыр, алайда бұл өсім Қазақстандағы бағаның орташа өсу деңгейінен әлдеқайда төмен, – деп атап өтті ол.
Компания басшысының сөзінше, келесі жылы кейбір тарифтердің құны да өзгереді. Тарифтік жоспарға қарай баға 10–15 пайызға дейін көтерілуі мүмкін.