Келесі жылы магистратураға түсушілерден қазақ тілі талап етіледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-де ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл QazaqResmiTest-ін ресми таныстырды.
QazaqResmiTest - мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын тестілеудің жаңа форматы.
Бастапқыда бұл тест форматы мемлекеттік қызметшілердің арасында мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау үшін жасалды. Осы жылы мамыр айында Академияда мемлекеттік тілді деңгейлеп үйрету курсының концепциясы әзірленді. Соның негізінде QazaqResmiTest дайындалды. Тесті онлайн тапсыруға болады, - деді ол.
Ректордың айтуынша, онлайн тест арқылы ресми-іскерлік қазақ тілін меңгеру деңгейін, сөйлеу деңгейін анықтауға болады.
Бұл тест жоғары жастағы аудиторияға арналып жасалған. Сонымен қатар, Академияға оқуға түсуге үміткерлер осы жылы шілде айында QAZAQ RESMI TEST-ті сынақтан өткізді. Шамамен 100 мемлекеттік қызметші ерікті түрде тест тапсырды. Келесі жылдан бастап қазақ тілін білу деңгейі сертификатының болуы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына магистратураға және докторантураға оқуға түсу кезінде талап етіледі, - деп атап өтті Мемлекеттік басқару академиясының ректоры.
Сонымен қатар, Ерлан Әбіл 2021 жылдан бастар Президенттік жастар кадр резервіне енетін үміткерлер үшін де осындай талап қойылатынын жеткізді.
QAZAQ RESMI TEST көмегімен сіз іскерлік қазақ тілінің деңгейін анықтай аласыз әрі қарай тілдік курстарда оқып, оны эксперттік деңгейге, яғни еркін сөйлеу деңгейіне жеткізе аласыз. Тілді меңгеру деңгейін бағалаудың дәстүрлі әдістерінен айырмашылығы, QAZAQ RESMI TEST-ті кез келген ыңғайлы уақытта веб-камерасы, микрофоны және тұрақты интернеті бар компьютермен ыңғайлы жағдайда онлайн режимінде алуға болады, - деді ол.
Бүгінгі таңда тестілеуден өту құны бір адамға 5 мың теңге.