Келесі жылы дәрі-дәрмек қымбаттай ма?
Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылы Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасының көтерілу ықтималдылығына қатысты айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дәрі-дәрмектің бағасын көтеру министрліктің құзырына ешқашан кірмеген. Біз керісінше МӘМС пен ТМККК аясында сатып алынатын дәрілердің бағасын төмендетіп жатырмыз. Көптеген дәрінің бағасы 40 пайыз шамасында төмендеді. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастыруға мүдделіміз, - деді Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов Үкіметте өткен баспасөз брифингінде.
Айтуынша, министрлік қазіргі жекеменшік дәріханаларда сатылатын дәрілердің бағасын реттеп отыр.
Министрлік 4 900-ден астам дәрі атауының бағасын реттедік. Негізі, бұл нарықтың ісі. Болашақта бұл дәрілердің бағасы нарықта реттелмеуі мүмкін. Өйткені, нарықты әрі қарай кеңейту үшін қажет. Ал, жалпы дәрігер ретінде айтарым, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу» керек. Денсаулығымызға қарап, дұрыс тамақтанып, уақытында денемізді шынықтырып жүргеніміз дұрыс, – деді Тимур Мұратов.
Ал Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов келесі жылы дәрі-дәрмектің қымбаттауына қатысты ақпаратқа қанық емеспін деп отыр.
Дәріханалардағы дәрі-дәрмек бағасына арнайы мониторинг жүргіземіз. Сол себеппен қазан айының қорытындысы бойынша халық жиі қолданатын 50 шақты дәрі-дәрмектің бағасын қарап, орташа есеппен 10-11 пайызға төмендегенін байқадық. Ол тенденция әрі қарай жалғасады деп үміттенеміз. Сонымен қатар арнайы Naqty Onim мобильді қосымшасы қолданысқа енгізілген. Сол қосымша арқылы кез келген дәріханадан дәрі-дәрмек сатып алған кезде арнайы QR-кодпен тексеруге болады. Қосымша дәрінің заңды жолмен келгенін, сонымен қоса шекті бағасын көрсетеді. Егер дәрі-дәрмек құны шекті бағадан жоғары болса, сол қосымша арқылы өтініш бере аласыздар. Біздің департамент тиісті шара қабылдайды, –деп түсіндірді Бауыржан Жүсіпов.
Бұған дейін белгілі болғандай, дәрі-дәрмектің қымбатшылығына мобильді қосымша арқылы шағымдануға болады.