Келесі жылы әлем экономикасы 3%-ға өседі: Министр 5 жылға болжам жасады
Бұл туралы бүгін өтіп жатқан Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр еліміздің 2023–2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамын қалыптастырудың негізгі факторларына тоқталды.
Біріншіден, болжам 2021 жылы экономиканың өсуі бойынша қорытынды деректерін, халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі мен экспорттық тауарлар бағасы бойынша күтулерін ескере отырып қалыптастырылды. Бұл ретте, халықаралық қаржы ұйымдарының консенсус-болжамына сәйкес 2022 жылы мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 104,2 доллар деңгейінде күтілуде. 2023 жылы әлемдік экономиканың өсуі 3%-ды құрайды. Болжам мен бюджеттік параметрлерді қалыптастырудың негізі ретінде базалық сценарий алынды. Осы сценарий бойынша мұнайдың орташа бағасын барреліне 85 $ деңгейінде қалыптасады. Жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9%-ды құрайды, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Айтуынша, инфляция 2023 жылы 7,5-9,5 % деңгейінде, 2024 жылы – 4-5%, 2025–2027 жылдары 3-4% деңгейінде белгіленген.
Жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2023 жылғы 4,0%-дан 2027 жылы 4,2%-ға дейін жеделдетіледі деп күтілуде. Номиналды жалпы ішкі өнім 120,7 трлн теңгеден 176,6 трлн теңгеге дейін өседі. Мұнай өндіру 2023 жылы 92,6 млн тоннаны құрап, 2027 жылы 99,9 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Ұлттық Банктің болжамы бойынша, экспорт 80,9 млрд доллардан 84,6 млр долларға дейін, импорт 45,7 млрд доллардан 53,5 млрд АҚШ долларына дейін өседі. Екіншіден, республикалық бюджет пен Ұлттық қордың жоспарлы жылдарға арналған параметрлерін қалыптастыру барысында Мемлекет басшысының үнемді және жауапты бюджет саясаты тұжырымдамасын қамтамасыз ету бойынша қойған міндеттері іске асырылды, - деді министр.
Ал 2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің параметрлері бюджет саясатының кіріс базасын толықтырудың жаңа көздерін жинақтау және бюджет шығыстарын әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырландыру бағдарын ескере отырып айқындалған. Сондай-ақ қазынаның кірістері 2023 жылы ағымдағы жылдың нақтыланған жоспарынан 37%-ға өсумен жалпы ішкі өнімге қатысты 11,5% деңгейінде болжанады.
Жоспарлы кезеңде олардың 2025 жылға қарай 17,2%-ға өсуі күтілуде. Республикалық бюджетке қосымша түсімдер кіріс базасын кеңейту және салықтық әкімшілендіруді жақсарту, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың үлесін азайту бойынша Үкіметпен қабылданып жатқан шаралар есебінен қамтамасыз етіледі. Республикалық бюджет шығыстары 2023 жылғы 21,0 трлн теңгеден 2025 жылы 22,7 трлн теңгеге дейін біртіндеп ұлғаюымен болжануда. Жалпы ішкі өнімге қатысты олардың 2023 жылы 17,4%-дан 2024 – 2025 жылдары 16%-ға дейін төмендеуі болжанады. Контрциклдық бюджет қағидасын қолдану республикалық бюджет шығыстарының өсу қарқынын жоспарлы кезеңде жалпы ішкі өнімге қатысты 16,4% деңгейінде тұрақтандыруды қамтамасыз етеді, - дейді ол.
Сондай-ақ бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қатысты 2023 жылы 2,7% деңгейінде, одан әрі 2024–2025 жылдары сәйкесінше 2,6% және 2,5%-ға дейін төмендете отырып айқындауды ұсынды.
Мұнайға қатысты емес тапшылық жалпы ішкі өнімге қатысты 2023 жылы 6,8%-дан 2025 жылы 5,3%-ға дейін төмендеуі болжанады, бұл Ұлттық даму жоспарының мәніне сәйкес келеді. Қарау үшін ұсынылған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының параметрлері, сондай-ақ бюджет пен Ұлттық қордың болжамды параметрлері теңдестірілген және экономиканың үдемелі орнықты өсуін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді қалпына келтіруге және тұрақтандыруға бағытталған, - деді Әлібек Қуантыров.