Келесі шабуылдар әлдеқайда ауыр болады – Трамп Иранға ескерту жасады
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық қондырғыларына жасалған әуе соққыларына қатысты өз ұстанымын білдіріп, бұл әрекетті "жаппай және дәл соққы" деп бағалады. Оның айтуынша, Иранның уран байытуға арналған негізгі инфрақұрылымы толық жойылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Иран – Таяу Шығыстағы бұзақы. Олар бейбітшілік орнатуы керек. Әйтпесе, келесі шабуылдар әлдеқайда ауыр болады, – деді Трамп өз үндеуінде.
Трамп соққылардың нәтижесін "тарихи" деп бағалап, көп нысанның әлі де көзделіп отырғанын айтты. Ол өткен түнді «ең қиын сәттердің бірі» деп атады және "бейбітшілік болмаса, Иранды үлкен трагедия күтіп тұр" деп ескертті.
Дональд Трамп сонымен бірге Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхуға алғыс білдіріп, екеуінің "бір командадай жұмыс істегенін" жеткізді.
Ал өз кезегінде Нетаньяху АҚШ президентіне ризашылығын жеткізді.
Трамп пен Америка Құрама Штаттары бүгін батыл шешім қабылдады. Бұл тарихты өзгертеді. Алдымен күш келеді, содан кейін – бейбітшілік, – деп мәлімдеді Израиль премьер-министрі.
Тақырыпқа қатысты толық ақпарат Пентагонның арнайы баспасөз мәслихатында беріледі. Ол бүгін сағат 17:00-де (ҚР уақытымен) өтеді.