Келесі аптада республикалық жолдардың бойындағы сервистік кешендер ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Республикалық маңызы бар жолдардың бойында 35 сервистік кешен салынады. Олардың нақты қай учаскелерде бой көтеретінін «QazAvtoJol» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ұлан Әліпов «QazAvtoJol» ұлттық компаниясының тікелей эфирінде мәлімдеді.

Жол бойындағы жаңа 35 кешенде жанар-жағармай құю бекеттері, супермаркеттер, жабдықталған санитариялық тораптар, демалу алаңдары болады. Алғашқы нысандар келесі аптаның өзінде пайдалануға берілгелі жатыр. Ол нысан «Алматы – Қапшағай» учаскесіндегі Алматы қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан, - деді Ұлан Әліпов.
Компания басшысының айтуынша, ол кешендердің негізгі бөлігі «Нұр-Сұлтан – Қарағанды» және «Балқаш – Алматы» жолының бойында орналасады. Жеке компаниялар бұл бағытқа 30 млрд теңге салуды көздеп отыр.

Еске сала кетсек бұған дейін Ұлан Әліпов «Нұрлы жол 2» бағдарламасы бойынша қызу жұмыс жүргізіліп жатқанын айтқан болатын.

Биыл біздің елде жөндеу жұмыстарымен 4 мың шақырым жол қамтылды. Жалпы, «Нұрлы жол 1» және «Нұрлы жол 2» бағдарламасы бойынша жоспарды орындап келеміз. Яғни, 2015-2020 жыл аралығында «Нұрлы жол 1» бағдарламасы бойынша жұмысты аяқтап, 13 мың шақырым жолды қайта жөндеуден өткіздік. 8 мың шақырым жолды І және ІІ санатты жолдардың қатарына енгіздік. Биылдан бастап «Нұрлы жол 2» бағдарламасы басталды, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы