Келешектің мектептері: Қазақстанда үш ауысым мен орын тапшылығы қалай шешіліп жатыр

Биыл 1 қыркүйекте елімізде жаңа 2025–2026 оқу жылы басталып, 115 мың орынға арналған 83 жаңа мектеп өз есігін ашты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мыңдаған бала үшін бұл – жай ғана жаңа сыныптар емес, қолайлы жағдайда оқу мүмкіндігі болса, ал ата-аналар үшін – көптен күткен мәселенің шешімі.

 

Бес жылда – 1200 жаңа мектеп

2019 жылдан бері Қазақстанда 1 миллионнан астам оқушы орнын қамтамасыз еткен 1200-ден аса жаңа мектеп салынды. Тек 2023–2024 оқу жылында 510 мың орынға шақталған 422 мектеп пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде үш ауысымды мектептердің саны төрт есеге, апатты жағдайдағы мектептер екі есеге қысқарды.

Биыл тағы үш өңір – Шымкент, Ақмола және Қызылорда облыстары үш ауысымды оқудан толық арылды. Қазір республика бойынша шамамен 3 мың мектеп бір ауысымда, ал 5 мыңға жуық мектеп екі ауысымда білім береді.

 

«Келешек мектептері»: жаңа форматта

Негізгі құралдардың бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. 2026 жылға дейін осы жобаның аясында 460 мың оқушы орнын қамтитын 217 жаңа үлгідегі мектеп салу жоспарланған. Оның 44%-ы ауылдық жерлерде бой көтереді.

Бүгінгі таңда 130-дан астам жаңа үлгідегі мектеп ашылды. Олар кең ғимараттарымен, заманауи жабдықтарымен (қалыпты талаптан 4 есе жоғары) ғана емес, сонымен қатар жаңа білім беру моделінің енгізілуімен ерекшеленеді. Мұнда оқушы – білім беру үдерісінің белсенді қатысушысы: цифрлық технологиядан бастап бастауыш сыныптан кәсіби бағдар беруге дейін.

Жоба оқушыға бағытталған тәсілді енгізуді, «Адал азамат» тұжырымдамасы бойынша тәрбие беруді және ерте кәсіби бағдарлауды қарастырады. Бұл процеске «Мансап компасы» атты цифрлық платформа көмектеспек.

 

Қаржы мен ауыл мектептері

Мектеп инфрақұрылымын дамытуға бюджетпен қатар арнайы қор да жұмылдырылған. 2023 жылы сыбайлас жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен Білім инфрақұрылымын қолдау қоры құрылды. Осы қаржыға 100 мың орынға шақталған 89 мектеп салынуда, оның 61-і пайдалануға берілді.

Ауыл мектептеріне ерекше көңіл бөлінуде. Жыл сайын шамамен 1000 ауылдық және аудандық мектеп жаңартылып келеді. Соңғы үш жылда 4 мыңнан астам білім ошағының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, 2000-нан астам мектеп заманауи зертханалар мен жаратылыстану бағытындағы кабинеттермен жабдықталды.

Сонымен қатар елде 1231 мектепті, соның ішінде 820 ауылдық білім ордасын қамтитын ауқымды реновация бағдарламасы басталды. Жоба үш жылға жоспарланып, мектептерде күрделі жөндеу, асханалар мен кітапханаларды жаңарту, спорт залдарын қайта құру, қоғамдық кеңістіктер жасау және қауіпсіздік жүйелерін орнатуды қамтиды.

 

Жаңа оқу жылы: 232 мектеп жоспарда бар

2025–2026 оқу жылында 267 мың орынға шақталған 232 жаңа мектеп салу көзделген. Оның ішінде биылғы 1 қыркүйекте-ақ 111 мың оқушыны қабылдаған 83 мектеп іске қосылды.

Биылғы реновация бағдарламасы аясында 190 мың балаға арналған 245 мектеп қамтылып, оның 127-сі оқу жылының басына дейін аяқталды. Сондай-ақ 2025 жылы 1000-нан астам ауылдық мектеп жаңғыртылып, 680 мектепке 1100 заманауи пән кабинеті орнатылады.

 

Республикалық ұйымдардағы өзгерістер

Инфрақұрылымдық жаңарту республикалық деңгейдегі беделді білім ошақтарын да қамтыды. Түркістанда «Білім-инновация» лицейінің жаңа корпусы пайдалануға берілсе, Алматыда Республикалық физика-математика мектебі реновациядан өтті. Сондай-ақ Абай атындағы республикалық мектеп-интернаттың жаңа ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын.

 

Алдағы жоспар

2026 жылға дейін ел билігі үш ауысымды оқуды толығымен жойып, апатты мектептер санын қысқартуға уәде беріп отыр. Дегенмен сарапшылар бұл бастамалардың жүзеге асуы құрылыс қарқыны мен сапасына тікелей байланысты екенін айтады.

Айта кетейік, жаңа оқу жылы қарсаңында Астанада 28 мың орынға арналған 7 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жалпы оқу жылында 15 жаңа мектеп ашу жоспарланған.

Өткен оқу жылында рекордтық көрсеткішпен – 24 мектеп (66 мың орын) пайдалануға берілді. Оның ішінде 16-сы – «Келешек мектептері» стандартына сай білім ошақтары. Бұл шаралар үш ауысымды оқу мен мектептердің шамадан тыс жүктелуін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік бермек.

Айта кетейік, биыл бірінші сыныпқа 31 мыңнан астам бүлдіршін қабылданды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы