24 Тамыз 2026, 08:55 Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

«Келешек мектептері»: Ақтөбеде жаңа білім ошақтары пайдалануға беріледі

Жалпы, 2023-2026 жылдары «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Ақтөбе облысында 11 400 оқушыға арналған 14 мектептің құрылысы аяқталды.

Ақтөбе облысында жаңа оқу жылында 5 630 оқушыға арналған жеті жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Оның төртеуі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған.

Ұлттық жоба бойынша жаңа білім ошақтары Ақтөбе қаласының Алтын Орда шағын ауданы мен Оңтүстік-Батыс-2 тұрғын алабында, сондай-ақ Темір ауданындағы Кеңқияқ және Шұбарқұдық елді мекендерінде ашылады.

Алтын Орда шағын ауданындағы №81 мектеп 900 оқушыға арналған. Мұнда STEM, робототехника, информатика, химия, биология, физика және басқа пәндерге арналған заманауи кабинеттер мен зертханалар жабдықталған. Жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын 250 бірінші сынып оқушысы аттайды.

Оңтүстік-Батыс-2 тұрғын алабындағы №87 мектеп 300 орынға есептелген. Жаңа оқу жылында мұнда №10 мектептен ауысатын 290 оқушы білім алады. Білім ордасы заманауи оқу кабинеттері мен қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген.

Ұлттық жоба аясындағы төрт мектептен бөлек, облыста жаңа оқу жылына дейін тағы үш жалпы білім беретін мектеп пайдалануға беріледі.

Жалпы, 2023-2026 жылдары «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Ақтөбе облысында 11 400 оқушыға арналған 14 мектептің құрылысы аяқталды. Жаңа нысандар өңірдегі оқушы орындарының тапшылығын азайтып, заманауи білім беру инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.