20 Тамыз 2026, 08:27 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

«Келешек мектептері»: 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп бой көтерді

Нәтижесінде 54 үш ауысымды және 12 апатты мектеп мәселесі толық шешіліп, 100-ден астам білім беру ұйымында оқушы орындарының тапшылығы азайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен оқушы орындарының тапшылығын азайту, үш ауысымды оқыту мен апатты мектептер мәселесін шешуге бағытталған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылды.

Жоба аясында үш жыл ішінде 460 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 217 мектеп салынды. Оның 105-і 2024 жылы, 112-сі 2025 жылы пайдалануға берілді.

Нәтижесінде 54 үш ауысымды және 12 апатты мектеп мәселесі толық шешіліп, 100-ден астам білім беру ұйымында оқушы орындарының тапшылығы азайды. Жаңа мектептердің едәуір бөлігі Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Түркістан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында салынды.

Ауылдық жерлерде де мектеп инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілді. Елді мекендерде 84 жаңа мектеп салынып, 130 мыңнан астам ауыл баласына заманауи білім беру ортасына қол жеткізуге мүмкіндік жасалды.

«Келешек мектептерінің» ауданы бұрынғы типтік жобалармен салынған мектептерден орта есеппен 15–20%-ға үлкен, ал техникалық жабдықталу деңгейі төрт еседен астам жоғары.

Білім ошақтары заманауи физика, химия және биология кабинеттерімен, зертханалармен, компьютерлік сыныптармен, STEM-зертханалармен және робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Оқушыларға трансформер-парталар мен жеке шкафтар қарастырылып, әр қабатқа ауыз су бұрқақтары орнатылған. Сонымен қатар шығармашылық және кәсіби дағдыларды дамытуға арналған шеберханалар, студиялар мен бастауыш кәсіптік оқыту кабинеттері бар.

Мектептерде қауіпсіздік пен қолайлы білім беру ортасына да ерекше назар аударылған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылып, заманауи қауіпсіздік жүйелері енгізілген. Ғимараттар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға бейімделген.

Жаңа инфрақұрылыммен қатар педагогтердің біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Биыл 1,6 мыңнан астам мұғалім НЗМ, РФММ және «Білім-инновация» лицейлері базасында STEM-білім беру, жаратылыстану пәндері, робототехника және цифрлық технологиялар бойынша тәжірибелік семинарлардан өтті.

Тағы 5 мыңнан астам педагог «Өрлеу» БАҰО-мен бірлесіп пәндік даярлық, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, инклюзивті білім беру және «Адал азамат» бағдарламасы бойынша оқытылды.

Мектеп басшыларының басқарушылық құзыреттерін дамытуға да көңіл бөлінуде. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы 200-ге жуық директорға арналған «Келешек мектептері» маусымдық академиясын өткізді. Сондай-ақ 200-ге жуық директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары арнайы оқыту семинарына қатысты.