Келер жылы қажылыққа бару үшін биыл 15 желтоқсанға дейін тіркелу керек
Сауд Арабия королдігінің Қажылық және ұмра министрлігі басқа елдерге беретін қажылық квотасының санын айқындаудың жаңа тәртібін енгізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оған сәйкес, квота саны қажылықтың электронды жүйесіне тіркеліп, сол жүйеден алынатын қызмет түрлеріне (қонақ үй, Мина мен Арафат қызметтері) қаражатын төлеген адам санына қарай айқындалады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін Сауд Арабия королдігі қажылық квотасының нақты санын белгілейтін. Мысалы, 2023 жыл үшін Қазақстанға нақты 4 мың квота бөлінген болатын.
Жаңа талап бойынша, қазақстандықтар келер жылы қажылыққа бару үшін биыл 20 қыркүйек пен 15 желтоқсан аралығында қажылықтың электронды жүйесіне тіркелуі, сондай-ақ тиісті төлем жасауы шарт. Қазіргі таңда 2024 жылы қазақстандықтарды қажылыққа апаратын туроператорларды айқындайтын байқау жүріп жатыр. 2023 жылы бұл қызметпен 18 туристік компания айналысқан болатын.
ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Оңғардың түсіндіруінше, үлкен қажылық сапарын ұйымдастыруда Сауд Арабия корольдігінің Қажылық және ұмра министрлігінің белгілеген талаптары мен шарттары толық сақталып, көрсетілген мерзімдерге сәйкес жұмыс жасалуы керек. Бұл талаптарды қатаң сақтамаған қазақстандықтар қажылық сапарына бара алмайды.