Келер ұрпақтың қандай мемлекетте өмір сүретіні бүгінгі шешімдерімізге байланысты – Президент
Келер ұрпақтың қандай мемлекетте өмір сүретіні бүгінгі шешімдерімізге байланысты. Бұл туралы VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бізге орасан зор жауапкершілік жүктелген. Бұл – өткен тарихтың және болашақтың алдындағы жауапкершілік. Келер ұрпақтың қандай мемлекетте өмір сүретіні біздің бүгінгі шешімдерімізге тікелей байланысты, - деді Тоқаев.
Сөзінше, еліміздің мақсаты – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру.
Мұның бәрі бір күнде жасалатын шаруа емес. Баршамыз табанды, еңбекқор, білікті, ұқыпты, тәртіпті болуымыз керек. Ең алдымен, отаншыл болуымыз қажет. Ұлттың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс. Әрине, қоғамның дамуы үшін пікір алуандығы қажет. Бірақ елдік мәселелерге келгенде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген жөн, - деп айтты Мемлекет басшысы.
Тоқаев елімізді өркендету үшін еңбек ету – баршамыздың азаматтық борышымыз екенін еске салып, Отан алдындағы осы перзенттік парызымызға әрдайым адал болуға шақырды.