Келер ұрпақ кешірмейді: Президент ел болашағы туралы айтты
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Қазақстанды әділетті әрі қуатты мемлекетке айналдыру – бүгінгі буынның басты міндеті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы сапары кезінде елдің болашағы мен жауапкершілік туралы маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекет басшысы Қазақстанды әділетті әрі қуатты мемлекетке айналдыру – бүгінгі буынның басты міндеті екенін атап өтті.
Келер ұрпақ біздің кейбір кемшіліктерімізге көз жұма қарауы мүмкін. Бірақ олар Қазақстанды Әділетті, Қуатты мемлекетке айналдыратын мүмкіндікті жіберіп алғанымызды ешқашан кешірмейді, – деді Президент.
Оның айтуынша, заң мен тәртіп, тазалық, табиғатты аялау, білім мен ғылым үстемдік ететін қоғам құру – негізгі мақсат.
Қазақстан осындай ел болуы керек. Біздің түпкі мақсатымыз – осы, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент патриотизм ұғымына да тоқталды.
Патриот дегеніміз – өз жұмысын адал атқаратын адам. Қай салада қызмет етсе де, еңбегін жауапкершілікпен орындау – нағыз отансүйгіштік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қоғамдастықпен кездесті. Президент ғылыми қауым алдында сөйлеген сөзінде бүгінде түрлі мемлекеттер арасында технологиясы озық ел болу үшін қарқынды күрес жүріп жатқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми әзірлемелер ел экономикасына нақты пайда әкелуі тиіс екенін де айтты.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллект университетін ашу жоспары туралы мәлімдеді. Жаңа оқу орны алғашқы студенттерін биыл қабылдауы мүмкін.