KEGOC «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесі алдында есеп берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесі бүгін «KEGOC» АҚ-тың  2021 жылғы қызметі туралы есебін тыңдады. Кездесуге қатысушылар   компанияның стратегиялық жоспары мен инвестициялық жобаларының қалай іске асып жатқанынан хабардар болды.  Компаниядағы әлеуметтік тұрақтылықты қолдау, қызметкерлердің әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін арттыру, еңбекті қорғау мәселесімен танысты. 

 «KEGOC» АҚ Стратегия және тұрақты даму жөніндегі басқарушы директоры Эльвира Қонақбаева биыл құрылғанына ширек ғасыр толған компания Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесін басқару және еліміздегі тұтынушылар контингентін электрмен сенімді жабдықтау жұмысын жалғастыратынын жеткізді. Сонымен қатар Ұлттық электр торабын дамытудың ұзақ мерзімді перспективаға арналған болжамды моделін әзірлеуге кіріскенін хабарлады. 

«KEGOC» АҚ 1997 жылы  құрылған кезде балансына ұзындығы 22 мың шақырымға жуық  электр жеткізу желілері берілген болса, бүгіндері электр  беру желілерінің ұзындығы шамамен 27 мың шақырымды құрайды. Компания  құрылымына бүгіндері «Жүйеаралық электр желілерінің» 9 филиалы және «Жүйелік оператордың Ұлттық диспетчерлік орталығы»  филиалы кіреді.

Компания өкілі Эльвира Қонақбаева соңғы үш жылда өндірістік көрсеткіштердің де, қаржылық көрсеткіштердің де өскенін атап өтті. 2021 жылдың қорытындысы бойынша электржелілер арқылы 54,65 млрд/кВт/сағ электр энергиясы жеткізілді, бұл 2020 жылғы көлемнен 18,4%-ға көп. 2021 жылдың қорытындысы бойынша таза кіріс 52,6 млрд теңгені құрады. Биыл компания 42,2 млрд теңге мөлшерінде дивиденд төлеуді жоспарлап отыр. 

Бүгінгі таңда компанияда 4 425 қызметкер жұмыс істесе, оның 84%  өндірістік персоналды құрайды. Әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, қызметкерлердің әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында биыл ақпаннан бастап қызметкерлердің лауазымдық жалақысы мен тарифтік ставкасы көтерілген. 

Бұл ретте  өндірістік персоналдарға басымдық берілді. Мәселен, жұмыс істейтін қызметкерлер жалақысы 45 000 теңгеге өсті, бұл орташа есеппен 25%-ды құрайды. Инженерлік-техникалық қызметкерлер мен мамандар жалақысы да 45 мың теңгеге, орташа есеппен 18 пайызға өсті. Орта буын басшыларының жалақысы 30 000 теңгеге өсті, бұл орташа есеппен 4%-ды құрады, - деді Эльвира Қонақбаева. 

Оның айтуынша, дирекцияның жоғары басшылығының, филиалдар мен бірқатар құрылымдық бөлімшелер басшыларының жалақысы өзгеріссіз қалды. 

Қазіргі уақытта тұтынушыларды электрмен сенімді жабдықтауды және Қазақстан БЭЖ-дің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында «KEGOC» АҚ бірқатар ірі инвестициялық жобаларды, соның ішінде, «KEGOC» АҚ «Ақтөбе ЖЭТ», «Батыс ЖЭТ» және «Сарыбай ЖЭТ» филиалдарының 220-500 кВ ӘЖ-лерін реконструкциялау», «Қазақстан БЭЖ Батыс аймағының электр желілерін күшейту. Электр желілік объектілерді салу» жобаларын іске асырып жатыр. «Түркістан қаласын сырттан электрмен жабдықтау схемасын күшейту» жобасы аяқталу сатысында тұр. Жаңа 220 кВ «Орталық» қосалқы станциясын іске қосу ағымдағы жылдың жазына жоспарланыпты.   

Компания сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға да белсенді кіріскен.  Бұл ретте компанияның барлық қызметкері Ықтимал мүдделер қақтығысын ашу туралы декларацияны толтыратынын айтуға болады.   

 Биыл 24 ақпанда ҚР Президентінің «Самұрық-Қазына» АҚ-ты реформалау мәселелері бойынша тапсырмасын орындау мақсатында кеңейтілген Жол картасы бекітілген болатын. Ал наурыз айында «KEGOC» АҚ 63 шарадан тұратын «ҚР Президентінің «Самұрық-Қазына» АҚ-ны реформалау жөніндегі тапсырмаларын орындау жоспарын» іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Сондай-ақ СEO-1 үшін «Белгіленген тармақтар бойынша іс-шаралар жоспарын орындау» KPI белгіленді. Қазірдің өзінде  аталған тиімділік көрсеткішінің 54% орындалды.

Отырыста қоғамдық кеңес мүшелері толғандырған сұрағын қойды, ал басқосуды қорытқан қоғамдық кеңес төрағасы Болат Жәмішев мұндай тыңдаулардың маңызына тоқталды. 

Қазақстанды электр энергиясымен  үздіксіз қамтамасыз ету – өте маңызды. Ал осы қызметті жүзеге асыратын компания туралы халық білуі керек. Себебі халық арасында «Халықтық IPO» бағдарламасына қатысып, компания акциясын сатып алғандар да бар. Біз Қордағы барлық компанияның есебін тыңдаймыз дей алмаймын, халық өмірі үшін маңызды салалардың есебін тыңдай отырып, кері байланыс арқылы компаниялардың  қызметін жақсартуға көмектесеміз, - деді қоғамдық кеңес төрағасы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы