KEGOC басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды
"KEGOC" АҚ жүйелік операторы нақты уақыт режимінде "Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жүйесін" жоспарланған мерзімде пайдалануға енгізбеген, деп хабарлайды BAQ.KZ Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Нақты уақыттағы электр энергиясын Бірыңғай сатып алушы механизмінің жұмыс істеуіне байланысты жүйе автоматтандырылды. Ол электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілері үшін электр энергиясын өндіру-тұтынудың тәуліктік кестелерін оңтайлы жоспарлау процестерін құруға мүмкіндік береді.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, бағдарламалық кешенді іске қосудың есепті мерзімін бұзғаны және бағдарламаның толық жұмыс істеуін қамтамасыз етпегені үшін ҚР Энергетика министрлігінің басшылығы "KEGOC" АҚ бірінші басшысының жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартты, - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес электр энергиясы нарығының жаңа моделін енгізу бойынша заңнамалық нормалар қабылданды.