Кедейліктің шылбырында жүргендер. Министр қанша адам МӘМС-ке кірмей қалғанын айтты

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният кедейліктің шылбырында жүрген адамдар МӘМС-ке қосыла алмай отырғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

МӘМС туралы заң 5 жыл бұрын енгізілгенде әрбір азамат осы жүйеде міндетті болуы керек еді. Осы уақытқа дейін 3 млн-нан астам адам жүйеге қосылмай отыр. «Отбасының цифрлы картасы» бойынша жүйеде кімнің жоқ екенін, олардың жеке нөмірлерімен қарап, сараптама жасадық. Сонда бұл адамдардың ішінде 800 мыңдай адам жағдайлары жақсы, үй-жайы, тұрақты қаражаты бар. Осы адамдар жүйеге кірмей отыр, - деді министр.

Ғинияттың сөзінше, бұл адамдарды қаржылық декларация арқылы МӘМС-ке тартуға болады. Қазіргі таңда бұл азаматтар МӘМС-ті ғана емес, сонымен қатар басқа да салықты төлемей отырған адамдар.

Сонымен бірге 1,5 млн адам кедейліктің шылбырында жүрген адамдар. Көбіне ауылдың адамдары. Сондықтан бұл адамдарды сақтандыру «бюджеттің есебінен болсын деген ұсыныс» енгізіп отырмыз, - деп айтты Денсаулық сақтау министрі.

Ведомство басшысы бұл ұсыныс әлі депутаттармен, Үкіметпен талқыланатынын жеткізді. Осы азаматтарды қамту үшін шамамен 78-80 млрд теңге қаражат қажет.

Министр МӘМС-ке қосылу туралы үгіт-насихат жұмыстарын әкімдік жүргізуі керегін айтты. Себебі әр өңірдегі адамның өміріне жауапты - жергілікті әкімдік.

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Денсаулық сақтау министріне сұрақ қойғанын жазған едік.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ - архив
Өзгелердің жаңалығы