Әке жолын қуған тергеуші

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңызды қызметтің жүгін абыроймен арқалап жүрген тәжірибелі тергеуші полиция аға лейтенанты Еркебұлан Асылхановтың жас болса да жүріп өткен жолы - көпке өнеге.

Ол – әке жолын қуып полицейлер династиясын жалғастырып келе жатқан ұл ретінде өз отбасында да ерекше құрметке ие азамат.

Еркебұлан Ерікұлы 1992 жылы Алматы облысы, Алакөл ауданы, Қабанбай ауылында дүниеге келген. Әкесі - Жақсыбеков Ерік Асылханұлы да ұзақ жылдар бойы тергеу саласында қызмет еткен. Қазіргі таңда зейнетке шықса да, ел игілігі үшін тынбай қорғаушы қызметін атқарып жүр.

Саналы ғұмырын ішкі істер органдарының қызметіне арнаған Жақсыбеков Ерік Асылханұлы 1991 жылы Қарағанды политехникалық институтының Транспорт-жол факультетін, 1998 жылы Талдықорған заң институтын бітірген. 1996 жылы тергеуші болып қызмет бабын бастаған Ерік Асылханұлы зейнет жасына дейін тергеу саласында түрлі басшылық құрамда қызмет атқарған.

Ол білікті, тәжірибелі тергеушілермен қоян-қолтық қызмет атқарып, тергеу ісінің "ыстығына күйіп, суығына тоңып", қызмет кезіндегі ұстаздарынан, атап айтсақ, Мұрат Жалелұлы мен Рухия Найманқызынан, Сергей Александровичтен тәжірибе жинақтаған.

Ішкі істер органдарында 25 жылдан астам уақыт еңбек жолында көптеген аса ауыр қылмыстардың тергеу жұмыстарын жүргізген. Еңбегі еленіп, түрлі марапатқа ие болған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Ішкі істер минстрлігінің хаты мен "Қазақстан полициясына-25 жыл" мерекелік медалімен, ІІО-дағы 10, 15, 20 жыл "Мінсіз қызметі үшін" медальдарымен және облыстық ішкі істер департаментінің Алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған.

Тергеу саласының қиындығына қарамастан Ерік Асылханұлы адал жар, сыйлы әке атанып, ұлы мен қызын тәрбилеуде. "Әке көрген оқ жонар" деген нақыл бар. Ерік ағамыздың ұлы Еркебұлан да әке жолын таңдады.

"Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің" демекші, милиция офицерінің отбасында туған Еркебұлан Ерікұлы мектепті бітірген соң, көп ойланбастан І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің Заң факультетіне оқуға түсті. 2014 жылы білімін тәмамдап, ішкі істер органына қызметке орналасқан.  

Тергеуші болу – өте жауапты, қиын жұмыс. Ол екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ұлым менің жолымды қуып, жұмыс істей бастаған алғашқы күндері қатты қобалжыдым. Бірақ, баламның қарымын қарап, мені ешқашан жерге қаратпайтынына сенімді болдым,- дейді әкесі.

Еркебұлан өзінің қызметтік жолын 2014 жылы Панфилов ауданы Әкімшілік полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, бір жылдан кейін тергеушісі болып тағайындалады. Қазіргі таңда ол Көксу ауданы Полиция бөлімінің тергеуші қызметін атқаруда.

Жас болсын, егде болсын, қабілеті бар маман әрдайым өз ісінің нәтижесімен көзге түсетіні белгілі. Еркебұлан Ерікұлы  әу бастан өзінің осы салаға ептілігі барын аңғартып, тергеушілік қызметін тез меңгеріп, басшылардың ықыласына бөленді.

Ол Алматы облысы ПД басшысының Алғыс хатымен, аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, аудандық Полиция бөлімінің Алғыс хаттарымен марапатталған.

Әкем әрқашан әкелік көңілін білдіріп, жақсы маман болудың басты сыры - өз жұмысына адал болу керек екендігін айтып отырады,- дейді Еркебұлан өз сөзінде.

Асқар тау әкенің әрбір сөзін жүрегінен өткізген ол бүгінгі таңда әкесінің атына кір келтірмеуге тырысып, өз ісіне, әрекетіне, қызметіне, халық алдындағы борышына  үлкен жауапкершілікпен қарап келеді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы