Кепілдік берілген өтемді төлеу тәртібі жеңілдетілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылдың 2 қаңтарында ҚР Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының хабарлауынша, бұл заң елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын сақтауға бағытталған.
Заң депозиттерге кепілдік беру жүйесінің мәселелері бойынша жаңа маңызды енгізілімдерді қарастырады. Олар азаматтарға кепілдік берілген өтемді төлеу тәртібін оңайлатады.
Алғашқы қадам. 2021 жылдың 1 мамырынан бастап кепілдік берілген өтем төлеудің жаңа тәртібі іске қосылады. Соған сәйкес, лицензиясынан айырылған банктің салымшылары кепілдік берілген өтемді төлеу жөніндегі өтінішті агент банктің бөлімшесіне бармай-ақ, тікелей Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына (ҚДКБҚ, Қор) электрондық тәсілмен бере алады.
«Tengri Bank» АҚ салымшыларына, сондай-ақ қазір таратылып жатқан банктердің («Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ және «Астана Банкі» АҚ) салымшыларына да осындай мүмкіндік беріледі. Осылайша төлем алу үшін агент банкке әлі күнге дейін бармай жүрген 450 мыңнан астам салымшы 2021 жылдың 1 мамырынан бастап кепілдік берілген өтемді алу жөніндегі өтінішті онлайн түрінде бере алады.
Бұл ретте дәстүрлі банктік қызмет көрсету тәсілін қалайтын, сондай-ақ өтем алуға үшінші тұлғалары (мұрагерлер, сенімхат бойынша өкілдер және басқа да құқық иеленушілер) өтініш бере алатын салымшылар үшін агент банк арқылы кепілдік берілген өтем төлеу тәртібі сақталады.
Кепілдік берілген өтемді төлеу жөніндегі өтінішті Қор электронды және жазбаша түрде (агент банк арқылы) төлем басталған күннен бастап 1 жыл ішінде, ал тарату үдерісіндегі банктердің салымшыларынан 2022 жылдың 1 мамырына дейін қабылдайды.
Кепілдік берілген өтемді төлеу жөніндегі өтінішті онлайн беру – қазіргі қолданыстағы төлем тәртібін оңайлатады және салымшыларға ыңғайлы жағдай жасай отырып, төлем алудың анағұрлым тартымды тәсіліне айналатын болады. Бұл салымшылардың уақытын үнемдейді, агент банкке баруға кететін жол шығынын азайтады және алғашқы төлем күндері адамдардың тым көп шоғырлануын бәсеңдетеді. Бұл әсіресе COVID-19 коронавирустық инфекция пандемиясы кезеңінде өте маңызды.
Екінші қадам. Салымшылардың төлем басталғаннан бері 1 жыл бойы талап етпеген кепілдік берілген өтем сомаларын ҚДКБҚ олардың «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамындағы (БЖЗҚ) зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударады.
Кепілдік берілген өтемді төлеу мерзімі аяқталуға 30 жұмыс күні қалғанда Қор салымшыларға өтем төлеу аяқталатын күн және салымшылардың 1 жыл бойы талап етпеген өтем сомалары БЖЗҚ-ға аударылатындығы туралы БАҚ және өз сайты арқылы хабарлайды.
БЖЗҚ-ға аударылған кепілдік берілген өтем сомасы салымшының ерікті зейнетақы жарнасы болып танылады және (есептелген инвестициялық табысты қоспағанда) салық салудан босатылады. Ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша зейнетақы шоттары автоматты түрде ашылады. Ол үшін БЖЗҚ-ға барудың қажеті жоқ.
Бұл тәртіп жаңа сақтандыру уақиғалары үшін 2021 жылдың 1 мамырынан бастап іске қосылады және «Tengri Bank» АҚ салымшыларына, сондай-ақ қазіh таратылып жатқан банктерге де («Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Эксимбанк Қазахстан» АҚ және «Астана Банкі» АҚ) қолданылады. Төлем басталған күннен бастап 1 жыл бойы немесе 2022 жылдың 1 мамырына дейін қандай да бір дәлелді себептермен өтем алуға келе алмаған салымшылар үшін Қорға кепілдік берілген өтемді алуға (растайтын құжаттармен бірге) жазбаша өтініш беру құқығы сақталады. Дәлелді себептер тізімі «Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» Заңда тікелей қарастырылған, - делінген хабарламада.
Өтініш банктi мәжбүрлеп тарату туралы мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тiзiлiмiне енгiзiлген күнге дейін немесе кепілдік берілген өтем сомасы БЖЗҚ-ға аударылған жағдайда, салымшының ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындағанға дейін берілуі мүмкін.
Үшінші жаңа енгізілім – шетелдік банктердің филиалдарындағы депозиттерді қорғау. Шетелдік банктердің Қазақстан аумағында ашылатын филиалдары уәкiлеттi органның жеке тұлғалардың депозиттерiн қабылдауға, банк шоттарын ашу мен жүргiзуге берген лицензиясын алған сәттен бастап депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушылары атанады.
Осылайша азаматтардың шетелдік банктердің филиалдарында ашылған депозиттеріне де Қор кепілдігі қолданылады.