Өскемендегі апат: "Казцинкке" 60,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды
Оқиға салдарынан үш адам қаза тапты: екеуі апат болған күні көз жұмса, тағы бір зардап шегуші кейін ауруханада қайтыс болды. Бұдан бөлек, төрт адам түрлі жарақат алды.
Өскемендегі зауытта болған апаттан кейін қоршаған ортаға ластаушы заттардың рұқсатсыз шығарылғаны анықталды. Жыл басынан бері компанияға салынған экологиялық айыппұлдардың жалпы сомасы 190 млн теңгеден асты.
Казцинк компаниясы Өскемендегі мырыш зауытында болған апаттан кейін атмосфераға ластаушы заттарды рұқсатсыз шығарғаны үшін 60,55 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл төледі. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының Экология департаменті хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, кәсіпорынның балқыту цехында болған апат пен одан кейінгі жарылыс салдарынан атмосфераға сағатына шамамен 2,8 тонна мырыш шаңы тараған. Қазіргі уақытта зауыттың өндірістік қуаты 50 пайыздық жүктемемен жұмыс істеп тұр.
Департаменттің мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Казцинк компаниясы әртүрлі экологиялық заңбұзушылықтар үшін төлеген айыппұлдардың жалпы көлемі 190,6 млн теңгеден асты.
Еске салсақ, металлургиялық кәсіпорындағы апат 5 мамыр күні таңертең болды. Мырыш зауыты аумағында шаң ұстағыш құрылғы жарылып, соның салдарынан құрылыс конструкциялары құлап, өрт шыққан.
Оқиға салдарынан үш адам қаза тапты: екеуі апат болған күні көз жұмса, тағы бір зардап шегуші кейін ауруханада қайтыс болды. Бұдан бөлек, төрт адам түрлі жарақат алды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы Қазақстан Республикасының Үкіметі бақылауында.