Қазнетте 175 мыңнан астам домендік атау бар
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг кезінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек айтты.
Бүгінде Қазнетте (қазақстандық интернет кеңістік) 175 мыңнан астам домендік атау бар. Бірінші деңгейлі «.kz», «.қаз» домендік атауларының 99 632-сі жұмыс істеп тұр. 2020 жылдың қазан айында жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының «Ақпараттандыру туралы» Заңы аясындағы талаптарды сақтау мақсатында «Қазақ желілік ақпарат орталығы» мекемесіне 45 мыңнан астам домендік атаудың белгіленген талаптарды бұзғаны және оны реттеуге 30 қарашаға дейін уақыт берілгені туралы хабарлама жіберілді. Осыдан кейін домендік атау иелерінен министрлік атына талапты реттеу мерзімін ауыстыруға қатысты шағымдар мен өтініштер келіп түсті. Өйткені, кейбіреулер үшін бұл процестің техникалық, қаржылық тұрғыда орындалуы қиынға соққан. Осы аспектілерді және пандемия салдарынан туындаған экономикалық қиындықтарды ескере отырып, министрлік бұл талаптың мерзімін 2021 жылдың 1 ақпанынан дейін созу туралы шешім қабылдаған болатын. Бүгінде 18 623 домендік атау ғана ауыспаған. Жоғарыда аталған 45 мыңның тең жартысы қазақстандық хостингке ауысты, - деді ол.
Айта кетейік, ол бұған дейін қазақстандық сегментте арнайы тарификация қолға алынуы мүмкін екенін айтқан болатын