Қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті енгізу үшін заңнамалық негіз бар – Бектенов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мұрындық болуымен бүгін Қазақстанда комплаенсті дамыту және ілгерілету жөніндегі халықаралық онлайн-форум өтіп жатыр.

Форум барысында сөз алған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов екі жылдан астам уақыттан бері бизнес пен инвестицияларды қорғау бойынша жобаның іске асырылып келе жатқанын айтты.

Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы (ЭЫДҰ)  елдерінің озық тәжірибесіне сәйкес мемлекет комплаенс-қызметтерді, оның ішінде жеке компанияларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер құруды ынталандыруда. Біз екі жылдан астам уақыттан бері бизнес пен инвестицияларды қорғау бойынша жобаны іске асырып келеміз. Бұл жұмыс сәтті жүргізілуде. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу аясында шамамен 12,5 трлн теңге көлеміндегі сомаға 550-ден астам инвестициялық жоба бар. 2020 жылдың өзінде мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуының 154 фактісі анықталды, 90 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, - деді.

Олжас Бектенов зерттеулерге сілтеме жасай отырып, сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 76%-ы сыбайлас жемқорлық тәжірибесіне жүгінбей, Қазақстанда бизнесті дамыту мүмкін деп есептейтінін атап өтті.

Біз үшін бизнестің парасаттылық жүйесі, инфрақұрылымы өте маңызды. Қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті енгізу үшін заңнамалық негіз бар. Заңнамаға тиісті түзетулер енгізілді, енді квазимемлекеттік сектор ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерді енгізу туралы норма бар. «Самұрық-Қазына «ҰӘҚ» АҚ, «Зерде «ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ, «ҚазАгро» ҰБХ бірқатар ірі ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер жұмыс істейді. Біздің ұстанымымыз – бұл жұмысты, ең алдымен квазимемлекеттік секторда одан әрі жалғастыру қажет. Біз квазимемлекеттік компанияларда комплаенс-қызметтердің құрылуы мен тиімді жұмыс істеуіне қол жеткізетін боламыз, - деді ол.

Айта кету керек, форум жұмысына Ресей, Украина, Израиль және АҚШ елдерінің халықаралық және қазақстандық сарапшылары қатысуда. Форумға қатысушылар комплаенстің өзекті сұрақтарын, үрдістерін және цифрландыру мәселелерін талқылап жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы