Казино, ставка, букмекер: Депутат құмар ойындарға тыйым салуды ұсынды
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай құмар ойындарының маркетингіне қатаң шектеулер енгізуді және VIP схемалар мен бонустық ұсыныстарға тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжілісте ойын және лотерея бизнесі туралы отырыста депутат Аманжол Әлтай бірнеше мәселелеге тоқталып өтті.
Оның сөзінше, бүгінгі таңда ешқандай Заңда, Кодексте «лудоман» ұғымы анықталмаған. Бұл ауруды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми түрде мойындады. Осыған байланысты, Денсаулық сақтау министрлігі «лудоман» анықтамасын ұғымдық аппаратқа енгізу мәселесін пысықтауы қажет.
Сондай-ақ құмар ойынға тәуелділіктен зардап шегетін адамдарды емдейтін Оңалту орталықтары үшін лицензиялау жүйесін әзірлеу маңызды. Бұл оңалту мекемелеріндегі сапа стандарттарын қамтамасыз етуге және емдеу нәтижелері мен оңалту бағдарламаларының тиімділігін бақылауға жол ашатын мониторинг жүйесін құруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге бүгінгі таңда БАҚ-та идеологиялық және ақпараттық жұмыстар жеткіліксіз жүргізіліп жатыр, - деп айтқан депутат Мәдениет және ақпарат даму министрлігіне ұсыныс жасады.
Аманжол Әлтай БАҚ, әлеуметтік желілер, жастар ресурстық орталықтары және басқа платформалар арқылы құмар ойындардың зияны туралы ағартушылық, тәрбиелік ақпараттарды дамытып, тарату қажеттігін ұсынды.
Анықталған интернет-казинолар, ойын бизнесін заңсыз ұйымдастырушылар туралы ақпаратты қарау мерзімін қысқарту және «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы оларға қол жеткізуді шектеуді пысықтау қажет. Тәуелділіктің жоғары қауіптілігіне байланысты құмар ойындарының маркетингіне қатаң шектеулер енгізу өте маңызды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, интернет желісінде бонустық ұсыныстарды пайдаланатын клиенттер жоғары тәуекелді құмар ойындардың арбауына көбірек ұшырайды. Онлайн VIP схемалар мен бонустық ұсыныстарға тыйым салу қажет, - деп есептейді мәжілісмен.
Әлтай Қаржы министрлігіне ойын бизнесін салықтық әкімшілендіруін күшейту мақсатында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың өз аппараттық-бағдарламалық кешендерін Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерімен толық интеграциялануын қамтамасыз етуді және Мемлекеттік кірістер органдарының сұрау салуы бойынша банк шоттарының болуы және олардың нөмірлері, осы шоттардағы ақша қалдықтары мен қозғалысы туралы мәліметтер беру міндетін белгілеуді ұсынды.
Лудоманиямен күресу шаралары нақты фактілер мен сандар негізінде әзірленуі тиіс. Сондықтан Туризм және спорт министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі бірлесіп ойынға тәуелділік тетіктерін түсінуге, сондай-ақ профилактика мен емдеудің тиімді әдістерін әзірлеуге бағытталған зерттеулер жүргізуді ұсынамыз. Лудоманиямен күресудің тиімді шараларын әзірлеу және осы тәуелділіктен зардап шегетіндерге қолдау көрсету үшін сенімді зерттеулер жүргізу, Қазақстандағы шынайы, нақты ахуалды көрсететін фактілер мен статистиканы жинау маңызды, - деп айтты ол отырыста.
Сөзінше, букмекерлік кеңселер үшін құмар ойындар мен лудомания мәселелеріне қатысты зерттеулерді қаржыландыру міндеттемесін реттеу актілеріне енгізу маңызды. Бұл зерттеулер бізге тәуелділіктің даму үрдісін жақсы түсінуге және алдын-алу мен емдеудің тиімді әдістерін жасауға көмектеседі.
Депутат атап өткендей, Қазақстанда лудоманиядан зардап шегетін адамдардың ми белсенділігін анықтауға бағытталған зерттеулер жоқ. Ал бұл бұзылыстың физиологиялық аспектілерін, яғни допаминдік жүйені және тәуелділік процесін анықтайтын шетелдік зерттеулер белсенді дамып келеді.
Ойын индустриясын тиімдірек бақылауға және реттеуге, құмар ойындарға тәуелділіктерін азайтуға және осы саладағы заңсыз операцияларға қарсы тұру мақсатында Әділет министрлігіне төлем ұйымдары мен екінші деңгейдегі банктерге лицензияланбаған интернет-казинолардан, букмекерлерден және ұқсас ойын мекемелерінен төлем қабылдауға тыйым салатын заңнамалық өзгерістер енгізу ұсынылады. Борышкер азаматтардың бірыңғай тізіміне енгізілген адамдармен қоса алименттен жалтарғандарға да құмар ойындар мен ставкаларға қатысуға шектеулер енгізуді ұсынамын, - деп айтты депутат Аманжол Әлтай.
Оған қоса, азаматтардың ұялы телефондарына үнемі келіп түсетін құмар ойындарға итермелейтін SMS-хабарламалар туралы шағымдар жиі түседі. Осыған байланысты, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ел азаматтарына осындай таратылымдарды шектеу мәселесін қолға алуы тиіс екенін атап өтті.