Қажыларға вакцинацияның жалған паспортын дайындаған туристік компания анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазіргі уақытта халықтың денсаулығын сақтау – Үкіметтің өзекті бағыттарының бірі болып табылады. COVID-19 коронавирустық инфекциясы және онымен байланысты жағдайлар барлық салаларға айтарлықтай өзгерістер енгізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күресудің бірден-бір әрі сенімді жолы вакцина салу екенін атап өтті.

ПТР – тесттерді қолдан жасау және пайдалану фактілері бойынша Ішкі істер министрлігі өз құзіреті шегінде қажетті шаралар қабылдауда. Кейбір азаматтар қазіргі жағдайды пайда табу үшін пайдаланады, ПТР тестілеу нәтижелері мен вакцинация паспортын қолдан жасайды, осылайша коронавирустың таралуына әсер етеді.

Жыл басынан бері ішкі істер органдары ПТР-тестілеу нәтижелері мен вакцинация паспорттарын қолдан жасаудың, сондай-ақ оларды пайдаланудың 30 жағдайын тіркеді.

Мысалы, Алматы қаласында қажылардың Сауд Арабиясы Корольдігіне кетуін рәсімдеу кезінде вакцинациялау паспорттарын (143 паспорт) жаппай дайындауға қатысы бар туристік компания анықталды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, тінту іс-шаралары барысында ұйымдастыру техникасы, мөрлер, бланк өнімдері алынды, сот сараптамалары тағайындалды.

Еске сала кетейік, жалған құжат дайындағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Сонымен қатар, сіз алаяқтардың құрбаны болуыңыз мүмкін. Интернет желісіне мониторинг жүргізу кезінде біз деректер базасында ресми тіркелген анықтамаларды немесе вакцинация паспорттарын дайындау туралы жалған ұсыныстарды анықтаймыз. Біз қазірдің өзінде уәкілетті органға бұғаттауға жататын осындай 35 хабарландыруды жолдадық. Ішкі істер министрлігі осы аурумен байланысты барлық қылмыстық көріністерге ерекше назар аударады. Құрметті азаматтар, өзіңізді қылмыстық процеске тартуға жол бермеңіз және туыстарыңыз бен жақындарыңызды осындай әрекеттерден қорғаңыз, – дейді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы