Kazenergy форумы: Араб елдері таза энергияға көшу тәжірибесін бөлісті
XVI Еуразиялық Kazenergy форумында Араб мемлекеттері Лигасының Қоршаған орта жөніндегі директоры Махмуд Фатхаллах Араб мемлекеттерінің энергетикадағы тәжірибесін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Климаттың өзгеруі – бүкіл әлем үшін маңызды сын-қатер, ал Араб өңірі үшін бұл ерекше үлкен сынақ болып отыр. Өңіріміз дәстүрлі энергия өндірудің ірі өкілі бола тұра, климаттық өзгерістерге өте осал аймақ саналады. Температураның күрт жоғарылауы және су тапшылығы – бүгінде біз бетпе-бет келіп отырған басты мәселелердің бірі, - деді ол.
Махмуд Фатхаллах осыған байланысты, таза энергия жобаларын жүзеге асыру және шығарындылары төмен технологияларға инвестиция салу болашақ ұрпақтың өмір сүру сапасын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болғанын атады.
Араб мемлекеттері жаңартылатын энергия көздерін интеграциялап, күн және жел энергиясын пайдалану арқылы әртүрлі энергия көздерін тиімді қолданып жатыр. Қазір жасыл сутегі технологияларына инвестициялар кеңейіп жатыр.
Сондай-ақ климат өзгерісіне қарсы күрес мақсатында да нақты іс-шаралар атқарылуда.
Араб өңірінде су мен азық-түлік арасындағы өзара байланыс адам қауіпсіздігі мен орнықты дамудың негізгі іргетасы екенін жақсы түсінеміз. Энергетика секторындағы өзгерістер су ресурстарын басқару мен азық-түлік өндірісіне тікелей әсер етеді және бұл факторлар өз кезегінде энергетика саласына ықпал етеді, - деді Араб мемлекеттері Лигасының өкілі.
Ол Араб мемлекеттері орнықты энергетикалық болашақты қалыптастыруда белсенді серіктес болуға дайын екенін жеткізді.
Қазіргі кезең – жаңа энергетикалық жүйені қалыптастырудағы шешуші уақыт. Бұл бізден инфрақұрылымға инвестицияларды ұлғайту мен тәжірибе алмасуды талап етеді. Осындай бірлескен қадамдар арқылы біз экономикалық өсім мен экологиялық тұрақтылыққа қол жеткізе аламыз. Осы тұрғыдан алғанда, Араб мемлекеттері энергетика саласындағы бірлескен әрекеттердің маңыздылығын ерекше атап өтеді және халықаралық бастамаларда сенімді серіктес болуға дайын екенін білдіреді, - деді Махмуд Фатхаллах.