Қазақтар қыстың қамын жаз ойлайды: Индонезия елшісіне Қазақстан несімен ұнады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің Тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі – Индонезия. Былтыр екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 25 жыл толды. Индонезияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рахмат Промоно екі ел арасындағы байланыс жайында айтып берді.

Айта кетейік, дипломатиялық қызметінің аяқталуына санаулы-ақ күн қалған елші Рахмат Промоно мырза өзінің миссиясы барысында елдердің ұзақ серіктестігі үшін ауқымды жұмыс атқарды.

Дипломат қазан айының басында еліне оралады. 2022 жылдың басында Қазақстанға жаңа елші келеді.

Сөз барысында Рахмат Промоно мырза еліне оралғаннан кейін немен айналысатынына тоқталды.

Қазір мен зейнет жасындамын. Сурабая университеті лектор қызметін ұсынды, - деді ол.

Дипломатқа оқыту, білім беру ұнайды. Сол себепті ол дипломатиялық миссиясы аяқталған соң өз елінде ЖОО-да Орталық Азия туралы білетін бар білімін студенттеріне үйретпек.

Былтыр Қазақстан мен Индонезия арасындағы дипломатиялық серіктестіктің 25 жылдығын тойлау кезінде Джакартадағы Қазақстанның елшісі семинар ұйымдастырды. Бірақ ол кезде Орталық Азия туралы ақпарат беретін спикер болмады. Осы ретте Индонезияда Сурабая университеті мен тағы бір ЖОО-да Орталық Азия білімі бойынша факультет ашылады, - деп айтты Рахмат Промоно.


Қазақтың еті, саумал, қымыз: Елшіге Қазақстан несімен ұнады?

Қазақстан жайында есімде тек жақсы, қызықты сәттер қалды. Қазақстандықтар өте бауырмал халық. Сондай-ақ тамағын да сүйсіне жедім. Бесбармақты және жылқының сүті (қымыз, саумал – ред.) қатты ұнады. Одан бөлек, қазақтың құртынан да дәм таттым. Оның дәмі ерекше екен. Қазақстанның қары, кең даласы ерекше. Себебі біздің елде қар жоқ. Ақтөбе мен Орал аймақтарын ғана аралап үлгермедім, қалған барлық өңірде болдым. Айта кетсем, Алматыда бірнеше рет болдым, бұл қала менің ең сүйікті қалама айналып үлгерді. Бұл өңір таулы аймақ, оның үстіне ауа райы да қолайлы, - дейді дипломат.

Рахмат Промоно Қазақстанның тағамын, бауырмал адамдарын, әсіресе, жиі араласатын достарын сағынатын айтты.

Жаз уақытында қазақстандықтар қыс қамын ойлап, түрлі көкөністерден салаттар, жеміс-жидектерден тосаптар, компоттар әзірлеп, қамданады. Осыдан Индонезия мен Қазақстанда екі түрлі халық тұратынын байқауға болады. Өздеріңіз білетіндей, Индонезияда қыс болмайды. Онда климат бірқалыпты. Сол себепті бізде мұндай дайындық, дәстүр жоқ. Ал Қазақстанда климат өзгеретін болғандықтан тұрғындар келесі мерзімге алдын ала қамдануы керек. Мұнда тұрғындар өте еңбекқор, қыстық қорды өте құлшыныспен әзірлейді, - дейді ол сөз арасында.

Оның сөзінше, индонезиялықтар өмірінде ондай дайындықтар мүлде болмайды. Ол қазақстандықтардың осындай еңбекқорлығын көріп, таңданысын білдірді.

Қазақтың тойы VS индонезиялықтардың тойы

Айтуынша, Индонезияда да үйлену тойы кезінде кең дастархан жайылады.

6 рет қазақтың тойында болдым. Индонезиялықтар мен қазақтардың тойлары екі бөлек дүние екен. Екі елде үстелдердің орналастырылуында өзгешелік бар. Мысалы, Қазақстанда екі жас пен оның достары ең басты қонақ болып есептеледі. Ал Индонезияда жас жұбай және оның ата-аналары екі жағынан отырады және басты қонақ осы кісілер. Ал тойға келген қонақтар театрдағыдай орналастырылған орындарға жайғасады. Ал дастархан фуршет стилінде жайылады, - дейді Рахмат Промоно.

Елшінің сөзінше, оның тойына 1 500 адам қатысқан. Бұл индонезиялықтар үшін қонақтардың орташа саны. Сондай-ақ бұрын тойға заттай сыйлық берілсе, қазір ақшалай.

Білім

Индонезия үкімітінің 1-1,5 айлық оқыту бағдарламалары бар. Оған өтініш қабылдау және іріктеу жақында аяқталды. Биыл пандемияға байланысты курс онлайн форматта өтеді. Келесі жылы әдеттегідей Индонезияның өзінде өтеді.

Одан бөлек, ел үкіметінің гранты да бар.

Осы жылы степендия иегерлері көп. Осы бағдарлама аясында тек докторантура ғана бар. Магистратура жоқ. Бакалавр бойынша жас шектеуі бар, - дейді елшілік.

Ол Қазақстан мен Индонезияда қашықтан оқыту бойынша көрініс ұқсас екенін айтты.

Қазір індетке қатысты жағдай тұрақтана бастаған соң онлайн мен офлайн форматы кезектесіп өткізіліп жатыр. Индонезияда 17 мың арал бар. Бұл барлық өңірде интернет бірдей бола бермейді деген сөз. Кейбір ауылдарда онлайн жүйе енгізу өте қиын. Себебі интернет қолжетімсіз, - деп атап өтті Рахмат Промоно.

Оның сөзінше, екі ел байланысын одан әрі нығайту үшін 2018 жылы жаңа жылға орай Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде Индонезия бұрышы ашылған.


Әуе рейсі

Бұған дейін елші Түркістан мен Индонезия арасында тікелей рейс ашылатыны туралы мәлімдеген болатын. Сұхбат барысында елші неліктен рейс ашылмай жатқанын түсіндіріп өтті.

Біріншіден, Индонезия тарапынан Меккеге өте шектеулі код бөлінеді. Оны көбейту үшін алдымен Қазақстаннан Сауд Арабиясына жолды ашу керек. Яғни екі сапарды Қазақстан арқылы біріктіру қажет. Мемлекеттік органдармен, Air Astana, Scat өкілдерімен Сауд Арабиясына рейс ашу мәселесі жөнінде кездесу өткіздік. Осы елдерді көргісі және зиярат жасағысы келетін индонезиялыққа рейсті Түркістан арқылы жүзеге асыруға болады. Осылайша, туристер киелі жерлерді аралап, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне сапар жасай алады. 2020 жылы жыл сайын Алматыда өтетін туристік көрмеге қатыстық. Осы жылы Индонезияның бірнеше туристік операторымен Түркістанға туристерді тартуға келіскен болатынбыз. Өкінішке қарай, сапар пандемияға байланысты тоқтатылды. Тіпті жартылай мемлекеттік ұйым (индонезиялық – ред.) Орталық Азия туристері үшін Самарқандта қонақ үй салған. Түркістан облысының өкілдерімен кездесіп, туристер бірден Бұқара, Самарқанд, Түркістанға сапар жасайтын жобаны енгізуді талқыладық, - деп айтты Рахмат Промоно.

Оның айтуынша, пандемияға байланысты осы мәселе бойынша кездесулер, талқылаулар кейінге шегерілген.

Қазіргі күні пандемияға Индонезия туристер үшін жабық, тек арнайы виза арқылы ғана кіруге мүмкіндік бар. Әрине, біз елге туристердің көптеп келгенін қалаймыз. Бірақ қазір жағдай оған мүмкіндік бермей отыр. Елге Түркия (Стамбұл), Дубай, Франкфурттан тікелей рейстер бар, - дейді дипломат сөз арасында.

Пандемия

Екі ай бұрын пандемия жағдайы өте нашар болатын. Қазіргі күні жағдай тұрақталып келеді. Ауру көрсеткіші бойынша әлемде шамамен 50-60-орындарда тұрдық. Бүгін Қазақстан Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен Индонезия Денсаулық сақтау министрі меморандумға қол қойды. Бұл меморандум екі ел арасындағы вакцинациялау жүйесіне әсер етеді. Яғни қазақстандықтар вакцина паспортымен Индонезияға бара алады. Құжат аясында Qazvac вакцинасын Индонезияға жіберу мәселесі де қаралып жатыр. Қазіргі күні вакцинаның құрамы зерттелуде. Біздің елде қазір 115 мың адам вакцина алды. Халық AstraZeneca, Синовак вакциналарын салдарып жатыр. Қазіргі күні Спутник V вакцинасын енгізуге келіссөз жүргізілуде. Өзім Спутник V вакцинасын салдырдым, - дейді ол.

Оның сөзінше, екі елдің денсаулық саласы басшылары қазақстандық Ashyq пен осыған ұқсас индонезиялық жүйенің артықшылықтарын талқылаған.


Туризм

Индонезияда туризм маңызды сектор болып есептеледі. Бұл сала елге өте ауқымды табыс әкеледі. Пандемия кезінде табыс азаяды. Десе де келесі жылы туристер үшін елді біртіндеп ашу жоспарланып отыр, - деп атап өтті Рахмат Промоно.

Сондай-ақ ол Қазақстан туризмін дамытуға үшін не қажет екенін айтып берді.

2019 жылы күзде Сыртқы істер министрлігі өңірлерді таныстыру үшін 25 елшіге сапар ұйымдастырды. Сапар аясында туристік секторды дамыту мәселесі көтерілді. Елшілер өз пікірлерімен бөлісті. Ішкі туризмді дамыту үшін елшілер, ең алдымен, қызмет көрсету саласын дамытуды ұсынды. Яғни қонақ үйлерде қызметкерлер туристерді жылы шырай танытып қарсы алуы айтылды. Сондай-ақ туристік саланы дамыту үшін елдердің оқыту орталықтарын ашу ұсынылды. Одан бөлек, екінші мәселе – туристік аймақтардағы инфрақұрылымды жақсырту. Мәселен, мен Шарында болдым. Бірақ жолы қонақ күтуге арналмағанын байқадым. Әрине, астана туристік орталық. Бірақ басқа өңірлерде де туризмді дамыту үшін алдымен дизайнын әзірлеу қажет. Үшінші көтерілген мәселе – әжетханаларды көптеп ашу болды, - дейді дипломат.

Елші атап өткендей, туризмді дамыту үшін демалыс орындары мен дәмханаларды ашып қана қоймай, сондай-ақ әжетханалар жұмысын да жандандырған дұрыс.

Оның сөзінше, пандемия уақытында Индонезияда туризм шетелдіктер есебінен де, жергілікті тұрғындар есебінен де дамымаған.

Елші Шарыннан бөлек, Түркістан облысындағы барлық кесенені, Пайғамбарлардың жатқан жерлерін аралаған. Одан бөлек, Ақтауда, Бурабайда, Алматыда болған.


Мәдениет пен өнер

Елшілік «Индонезия киносы» апталығын өткізді. Бұл 4 күнге созылған іс-шараға күніне шамамен 80 адам қатысты.

Карантин талаптарын қатаң сақтай отырып, елшілік осы кино кешін өткізді. Елшіліктің айтуынша, Индонезия мәдениетіне қызығушылық танытатындар өте көп.

Елшілік тек мәдени іс-шаралар ғана емес, сонымен бірге Индонезия өнімін де таныстырады. Мысалы, елордада қала күніне орай үш күндік фестиваль өтті. Фестиваль аясында елорда мен оның тұрғындарына шамамен 600 кесе тегін кофе ұсынылды. Бұл жобаға қатысқандар да өте көп болды. Алдағы уақытта елордада индонезиялық фирманың дәмханасы ашылады, - деді ол.

Сондай-ақ Индонезия елшілігі отандық жұлдыз Димаш Құдайбергенмен де байланыс орнатып жатыр.

Біз Димаш Құдайбергенмен байланысты нығайтып жатырмыз. Әншіні елшілікке шақырып, сұхбаттасып, индонезиялықтармен бөлістік. Себебі Индонезияда Димаштың фанаттары жетерлік. Олар тіпті Димашқа ерекше сыйлықтар да жіберген. Әншінің фан тобы концерт өткізу үшін Индонезияға шақырып жатыр. Қазір бұл жоба талқыланып жатыр, - деп тоқтала кетті Рахмат Промоно.

Елшінің дипломатиялық миссиясы кезінде екі ел арасында сауда-саттық байланысы да нормадан асып түскен.

Сондай-ақ ол мақтан тұтатын дүниенің бірі – Қазақстан мен Индонезия халқы арасындағы байланыстың нығая түскені.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы