Қазақстанның мәдениеті жайында көбірек білгім келеді – АҚШ елшісі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Джуди Куо – Қазақстандағы АҚШ елшісі. Бірнеше ай бұрын Қазақстанға келген дипломат өңірлерді аралап, елдің қонақжайлығы мен сұлулығын байқап үлгерді.

Сәлеметсіздер ме! Менің есімім – Джуди Куо. Мен АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілімін. Күйеуіммен бірге Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Біз бұл елдің сұлулығы мен қонақжайлығын бірден байқадық. Тарихы терең елдің бай мәдениеті жайында көбірек білгіміз келеді, - деді АҚШ елшісі.

Жаңа елші бос уақытында жүгіретінін айтты.

Мен бос уақытымда жүгірумен, балетпен айналысқанды ұнатамын. Жеті марафонға қатысқанмын. Келесі жылы Алматыда өтетін марафонға қатысқым келеді. Шынымды айтсам, баяу жүгіремін. Биге де икемім керемет деп айта алмаймын. Дегенмен өмірде жарыста бірінші болып келгенің немесе өнерді сүйсең тек сахнада ғана орныңды табуың маңызды емес. Ең бастысы – өзіңе сынақ қоюға дайын болу. Сонай-ақ өзіңе жақсы сезім мен қуаныш әкелетін пайдалы істермен айналысу маңызды, - деп атап өтті дипломат.

Ол өз сөзінде екі ел арасындағы дипломатиялық байланыс жайына да тоқтала кетті.

АҚШ пен Қазақстан 30 жыл бойы ұзақ мерзімді серіктестігін жалғастырып келеді. Байланыстардың одан әрі нығая түскенін асыға күтемін. «Екі елдің халқын бір-біріне жақын бола түсуі үшін не істеу қажет?» деген сұраққа сіздердің кеңестеріңізді күтемін, - деп айтты елші Джуди Куо.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы