Қазақстанның «Құрметті жолшылары» анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жоғары нәтижеге қол жеткізген автожол саласының өкілдерін «Құрметті жолшы» ведомстволық төсбелгісімен марапаттады.
Аталған атаққа мемлекеттік мейрам қарсаңында 20 жолшы лайықты деп танылды. Олардың бірі – «Қазақстанның автожолшылар қауымдастығының» атқарушы директоры Петр Давыденко. Ол аталған салаға ғұмырының 30 жылдан астамын арнаған. Марапатты ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сатжан Аблалиев пен қауымдастық президенті Бағлан Баймағамбетов табыстады. Бұдан бөлек, «құрметті жолшы» атағы түрлі өңірлік жол ұйымдарының қызметкерлеріне берілді.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ведомстволық төсбелгісі еңбекте жоғары жетістікке жеткен, өзіне жүктелген міндеттерді адал және жауапкершілікпен орындайтын, бастамашыл және кәсіби, жас мамандарға тәлімгер бола алатын, жалпы жұмыс өтілі 10 және одан да көп жыл болатын автожол саласының қызметкерлеріне тағайындалады. Биыл осындай төсбелгі саланың 56 өкіліне берілді. Ал 2005 жылдан бастап Қазақстанда барлығы 861 адам «құрметті жолшы» атағына ие болған.