Қазақстан кемелері Иран портына аттанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің «Сарыарқа» және «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кемелері «Теңіз кубогы – 2021» армиялық халықаралық ойындар конкурсына қатысу үшін Иранның Бендер-Энзели портына жорыққа шықты. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Сарыарқа» кемесі негізгі болып жарысқа түседі, ал «Маңғыстау» су көлігі резервтегі кеме ретінде жіберілді.
Халықаралық конкурсқа Әзербайжанның, Иранның, Қазақстан мен Ресейдің әскери теңізшілері қатысады. 


Қатысушылар теңіздегі және әуедегі нысаналарға оқ атуда сайысқа түсіп, кемені аман алып шығу үшін күреседі, құтқару даярлығы, су көлігін белгіленген бағытқа қаратып, бөшкеге байлап, зәкірге қою бойынша шеберліктерін көрнекі түрде көрсетеді.

Қазақстан әскери кемелерінің экипаждары конкурстық жаттығуларды кезең-кезеңімен пысықтай отырып, жыл бойы дайындалды. Биыл әскери теңізшілер үздік нәтиже көрсетуге барлық ынта-жігерін салуда. 


Кеме экипажының көңіл-күйі жақсы, дайындығы жоғары деңгейде. Әртүрлі корабльдік-жауынгерлік оқу-жаттығуларды, іс жүзінде оқ атуды өткізе отырып, жыл бойы армиялық ойындарға жоғары қарқынмен дайындалдық. Экипажымыз өз дайындығының нәтижесін көрсететіне сенімдімін, – деп өз ойымен бөлісті «Сарыарқа» зымыран-артиллериялық кораблінің командирі, үшінші дәрежелі капитан Рауан Ергебеков. 


«Теңіз кубогы» – Армиялық халықаралық ойындар бағдарламасына енгізілген алғашқы конкурстардың бірі. Теңіз дағдысын үздік меңгерген суүсті кемесінің экипажын айқындайтын жарыстар 2015 жылдан бастап өткізіліп келеді.

Қазақстанның әскери теңізшілері 2015, 2016 және 2018 жылдары үш рет конкурстың күміс жүлдегері атанса, 2017 және 2019 жылдары үшінші орынды иеленді.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы