Қазақстандық ересектердің сауаттылығы Мексика, Перумен шамалас – шетелдік сарапшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 6 мың қазақстандық PIAAC халықаралық зерттеуіне қатысқан. Бүгін ЭЫДҰ ересектердің құзыреттілігін халықаралық бағалау бағдарламасының (PIAAC) үшінші раундының халықаралық нәтижелері ресми жария етілді. 

PIAAC зерттеу нәтижесі зерттеуге қатысқан қазақстандық ересектердің өз кәсіби дағдылары мен білімін жұмыс процесінде, үйде немесе қоғамда пайдалана алмайтынын көрсетті. Қарапайым тілмен айтқанда, ересектер мектеп және жоғары оқу орнында алған білімін күнделікті өмірде қолдана алмайды. 

Негізгі зерттеу деректерін жинау 2017 жылдың тамыз айынан бастап 2018 жылдың мамыр айына дейін Қазақстанның барлық өңірлерінде өтті. PIAAC зерттеуіне барлығы 39 мемлекет пен аймақ қатысты. 

Қазақстанның 16-65 жастағы ересек тұрғындарының құзыретін бағалады. Онда халықтың оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылығы және мәселелерді жоғары технологиялы ортада шешу бойынша тестілеу жүргізіп, биографиялық сауалнама өткізген.
PIAAC халықаралық зерттеуге Қазақстаннан 6000 адам қатысты. Еліміздің 16 өңірінен іріктеп алдық. Әлеуметтік сұхбат 2016-2017 жылдары жүргізілді. Әлеуметтік ғылымда зерттеудің іріктеу методологиясы деген бар. Бүкіл халықты зерттеу мүмкін емес қой. Қаншама ресурсты талап етеді. Сондықтан әр мемлекеттен 6 мыңға жуық адам қатысты. Бұл минималды талап. Яғни, 6 мың адамды зерттеу арқылы бүкіл халықтың сауаттылық нәтижесін анықтауға болады. Тек қана Қазақстан емес, басқа елдерде де солай. Мәселен, Канада мемлекеті әр өңірдің көрсеткішін алу мақсатында 27 мың халықты зерттеген. Адамдар мұндай зерттеуге өз еркімен қатысады. 70-ке тарта қатысушылар компьютермен тапсырды. Біз 6 мың сұхбаткерлерді іріктегендіктен, қала мен ауыл адамдарының репрезентативті болуы аса маңызды. Білесіз, оңтүстік аймақта халық көп шоғырланған. Тиісінше, оңтүстік өңірден көбірек адам қатысты, - деп айтты Білім және ғылым министрлігіне қарасты "Ақпараттық талдау орталығы" АҚ президентінің орынбасары Аманғазы Мағжан.


Қазақстандық ересектердің математикалық сауаттылығы мен оқу деңгейі өзге елдермен салыстырғанда төмен деңгейде. Мәселен, Мексика және Перу елдерінің көрсеткішімен шамалас. Және де халық математика бойынша алған білімдерін өмірде, яғни тұрмыста қолданбайтын болып шықты.
PIACC зерттеулері тұңғыш рет АҚШ пен Канада елдерінде жүргізілген. Сол себепті де ересектердің білім деңгейі жөнінде жоғарғы көрсеткішке ие. Бұл өзге елдердің халқы ақылсыз, сауатсыз деген сөз емес. Шын мәнінде оқушылардың дағдылар жиынтығын өзгерту өте қиын. Біз әлем елдеріндегі ересек адамдардың құзыретін бағалау барысында деректерге анализ жасаймыз. Елдің сыртқы саясатына да мән береміз. Біз білеміз, Қазақстан қазір ұстаздардың білімін жетілдіру саясатын өзгертіп жатыр. Кез келген білім беру жобасын жан-жақты талқылап зерделейміз, - ЭЫДҰ-ның білім мен біліктілік жөніндегі директоратының бағдарламалық менеджері Марта Энсинас-Мартин.
Шетелдік сарапшының айтуынша, бұрын 50-60 жастағы қазақстандықтардың білім деңгейі әлемде жоғары көрсеткішті көрсеткен. Яғни, КСРО кезінде өмір сүрген ересектердің сауаттылығы Финляндия мемлекетінің халқының деңгейімен шамалас болған екен. 

Айта кетейік, бұл бағдарлама 16-65 жастағы ересек тұрғындардың оқу, математикалық сауаттылық және цифрлық ортадағы тапсырмаларды орындау дағдыларын бағалайды. Аталған дағдылар "ақпаратты өңдеу бойынша негізгі құзыреттер" болып саналады және кез келген адам үшін күнделікті өмірде де, еңбек қызметінде де маңызды. Бұл дағдылар еңбек нарығына және әлеуметтік өмірге тиімді кірігу және қатысу үшін қажет.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы