Қазақстандықтардың 76,8%-ы өз дауысын Nur Otan-ға беруге дайын
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қоғамдық саясат институты, халық арасында өткізген әлеуметтік сауалнамасының нәтижелерін жариялады.
Зерттеу қазақстандықтардың 76,8% өз дауыстарын «Nur Otan» партиясына беруге дайын екендіктерін анықтады.
Бұдан тура бір жыл бұрынғы тап осындай зерттеу нәтижесінде халықтың 65,8% көңілінен шыққан партия бұл жолы өз рейтингін 11% жоғарылатқан.
Біз партия рейтингінің халық арасында өсуіне не себеп болғандығы туралы саясаттанушы сарапшылардың пікірін тыңдап көрдік.
Оразғали Селтеевтің айтуынша, партияның халық арасындағы беделінің өсуіне негіз ретінде басты үш факторды алуға болады. Олар: жақында өткізілген праймериздің бірінші кезеңі, партияның коронавирус пандемиясы салдарынан болған карантин кезіндегі халыққа көмек көрсету бойынша атқарған ауқымды жұмыстары және еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс істеп жатқан партияның қоғамдық қабылдау қызметтері.
Мысалыға, аталған қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың арыз-шағымдарының жалпы саны 2019 жылы 231 мың болса, 2020 жылдың басынан бері 356 мыңға жетіпті.
Ләззат Нұрқатова да «Nur Otan» партиясының рейтингтерінің өсуіне, жақында өткізілген праймериз дауыс берулері себепші болғанын атап өтті. Саясаттанушының айтуынша, басты себеп – Елбасының жүргізіп отырған салиқалы саясаты.
Еліміздің көптеген азаматы, кезінде партияға Елбасының соңынан еріп келген. Қазіргі кезде де, партия төрағасына және оның идеялары мен атқарған жұмыстарына сенім артқандықтан партия қатарына мүше болуға шешім қабылдауда,- дейді сарапшы.
Халық «Nur Otan» партиясын еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен және оның жүргізіп отырған саясатының басты бағдарларымен байланыстыратынын Андрей Чеботарев та атап өтті.
Сонымен қатар, оның пікірінше соңғы бір жылда партия, «Birgemiz» қорының пандемия кезіндегі халыққа берген көмегі мен праймериз өткізу шарасымен халықтың назарына көп ілікті және жақсы лебіздер жинады.