Қазақстандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесі халықаралық стандартқа сай ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы (ГРЕКО) сарапшыларының елімізге алғашқы сапары жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн баспасөз мәслихаты кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов айтты.

Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өздеріне заңнамада жүктелген функциялардан тыс кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны не белгіленген қаржыландыру көздерінен басқа материалдық игіліктер мен артықшылықтар қабылдағаны үшін оларға айыппұл салынады.

Мұндай заңсыз іс-әрекеттер үшін осы ұйымдардың басшыларына 600 айлық есептік көрсеткіш немесе 1,8 млн теңге көлемінде айыппұл салу көзделген. Заңды тұлғалар ӘҚБтК аясында лауазымды тұлғаларға материалдық сыйақыны заңсыз бергені үшін сыбайлас жемқорлық бойынша жазалануы мүмкін. Бұл ретте айыппұл сомасы 700-ден 1500 АЕК-ке дейін өзгереді, - деді маман.

Спикер сыбайлас жемқорлық үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігі базалық халықаралық стандарт болып табылатынын атап өтті. Сондықтан осы бағыттағы жұмыс нәтижелері Қазақстанды ЭЫДҰ және ГРЕКО сарапшыларының бағалауы аясында өте маңызды болмақ. Ол Қазақстанға алғаш рет алдағы күзде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қазақстандық жүйесінің жоғары еуропалық стандарттарға сәйкестігін бағалау мақсатында Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы (ГРЕКО) сарапшылары келетінін хабарлады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қарауына ӘҚБтК-нің кәсіпкерлік қызмет саласындағы баптары бекітілген, бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу аясында шетелдік және отандық инвесторларды қорғау тұрғысынан Антикордың әлеуетін күшейте түседі. Менің ойымша, әкімшілік заңнамадағы жаңа құзырет Агенттік үшін осы басым бағыттағы – кәсіпкерлікті мемлекеттік органдардың заңсыз араласуынан қорғаудағы жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, - деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бизнесті өркендетуде маңызы үлкен.

Раушан АРМАНҚЫЗЫ
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы