Қазақстандық партиялар алдағы сайлауға қаншалықты дайын?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін осы сауал төңірегінде Н. Назарбаев қорының жанындағы Əлемдік экономика жəне саясат институты өткізген Қазақстанның парламенттік сайлау қарсаңындағы қоғамдық-саяси процестерін талқылауға арналған онлайн конференцияда «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының президенті Андрей Чеботарев ой қозғады.

Оның айтуынша, Nur Otan партиясының әлеуеті зор. Олардың қалыптасқан депутаттық корпусы, медиа-платформасынан бөлек, өңірлердегі жұмысының белсенділігін атап өтуге болады. Оның үстіне мүшелері де көп.
Өзге партиялардың беделі осы күнге дейін атқарған жұмыстарына байланысты болады. Бұған дейін өздерін қоғамға қай қырынан таныта алды, электораттар үшін осы тұсы маңызды болады деп ойлаймын, - деді ол.

Сондай-ақ ол әр партияның қоғамдық портретін келтіріп, белсенділігіне баға берді.

Оның айтуынша, «Ақ жол» партиясының тек төрағасы белсенді. Ал олардың аймақтық деңгейдегі жұмысы байқалмайды. 

Негізінен экономиканы бағыт етіп алғандықтан, бағдарламалары да, баяндамалары да осы тұрғыдан жасалады, түрлі қаржылық-экономикалық терминдерді қарапайым жұртшылық түсіне бермейтіндіктен қарапайым халық арасынан қолдау табады деу қиын. Шағын және орта бизнес, кәсіпкерлік субъектілері тарапынан қолдау табуы мүмкін. Алайда бір ғана бизнеске сенім арту тиімсіз. Ақпарат құралы ретінде пайдаланатын «Қазақ үні» газеті де экономикалық мәселелерді емес, негізінен партиоттық тақырыптарды қамтиды, - деген тұжырым жасады ол.

Сондай-ақ ол «Ақ жол» партиясының өзін «Алаштың» жолын жалғастырушы ретінде танытқысы келіп, репрессия, аштық мәселелерін көтергенімен, іс аяқсыз қалды әрі жұртты сендіре алмаған сияқты деген қорытынды жасады.

Оның айтуынша, «Ақ жолға» қарағанда Қазақстан коммунистік халықтық партиясының белсенділігі жоғары. Аймақтық деңгейде де іс тындырып жатқандарын байқауға болады. Олар халыққа түсінікті әрі әлеуметтік мәселелерді көтереді. Оның үстіне коммунистік идеологияны жақтаушы адамдар тобы елімізде көп. 

«Ауыл» партиясына келер болсақ, оларды да аса белсенді деу қиын. Негізінен фракция төрағасының баяндамаларын көруге болады. Ал заңнамалық деңгейдегі процестерге қатыспайды. Электораты негізінен ауылдық жердегі шағын және орта бизнес өкілдері болуы мүмкін. Өйткені «Фермелер қауымдастығымен» жұмыс істейді, - деді ол.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына спикер тек сайлау науқаны кезінде пайда болатын «елес партия» деген баға берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы