Қазақстандық машина жасаушылар металл өнімдері қымбаттағанын айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Қазақстанда металл өнімдері бағасының өскенін мәлімдеді.
Samruk Business Forum 2021-де сөйлеген сөзінде Мейрам Пішембаев коронавирус пандемиясынан туындаған проблемаларға қарамастан, Қазақстанның машина жасау саласы дайын өнім өндірісі мен экспорты көлемінің тұрақты өсу динамикасын көрсетіп отырғанын атап өтті.
Мейрам Пішембаев сарапшылардың болжамдары кем дегенде металл өнімдері бағасының өсуі 2021 жылдың соңына дейін сақталатынын айтады. Осыған байланысты ҚМЖО төрағасы «Самұрық-Қазына «ҰӘҚ» АҚ-дан сатып алу бағаларын арттыру жағына қарай қайта қарауды сұрады.
Егер бұрынғы бағалар күшінде қалса, бұл машина жасау кәсіпорындарының төлем қабілеттілігі мен қаржылық тұрақтылығына қатты соққы береді, - деп есептейді Мейрам Пішембаев.
Сондай-ақ, ҚМЖО басшысы жақын арада елімізде болат құю зауытын салуды қарастыруды ұсынды.
Бүгін біз жыл сайын болат пен шойын құймасының қоспаланған сорттарынан 700 мың тоннаға дейін дайындамаларды импорттаймыз. Ақша шетелге кетеді, - деді Одақ басшысы.
Оның айтуынша, болат құю зауытының құрылысы бірден бірнеше мәселені шешеді, оның ішінде дайын материалдардың бағасын төмендетеді, қазақстандық қамтуды арттырады және отандық кәсіпорындардың ішкі және экспорттық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Алдағы 3-4 жыл барлық өнеркәсіпті, оның ішінде қазақстандық машина жасауды дамыту тұрғысынан шешуші болады, - деп түйіндеді ол.