Қазақстандық магистранттар пен докторанттар Францияда тегін білім ала алады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Абай-Верн» ұтқырлық білім беру бағдарламасына қатысу үшін өтініштерді қабылдау басталды. Бағдарлама бойынша 30-дан астам қазақстандық магистрант пен докторант Францияда тегін білім ала алады, деп хабарлады БҒМ баспасөз қызметі.
2021-2022 оқу жылында екінші курстың 30 магистранты және Қазақстан мен Франциядағы ғылыми жетекшілермен бірлесіп диссертация дайындайтын 5 докторант "Абай-Верн" стипендиясының иегері атана алады.
«Абай-Верн» стипендиясы магистранттар мен докторанттарға француз және ағылшын тілдерінде Франция университеттерінде оқу үшін беріледі. Үміткерлердің француз жоғары оқу орнына немесе ғылыми-зерттеу орталығына магистратура мен докторантура бағдарламалары бойынша оқуға алдын ала қабылданғандығы туралы растау хаты болуы тиіс, - деп атап өтті ҚР БҒМ Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының м.а. Эльмира Асан.
«Абай-Верн» стипендиясын жеңіп алған магистранттарға Ұлттық банк бағамы бойынша ай сайын 800 евро, докторанттарға 1200 евро мөлшерінде стипендия төленеді. Сондай-ақ стипендиаттар Франциядағы университет жатақханасында орын алуға артықшылықты құқықтарға ие болып, ұзақ мерзімді студенттік виза және француздық әлеуметтік сақтандыру жүйесіне тегін тіркеле алады.
«Абай-Верн» академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау 2021 жылдың 4 шілдесіне дейін жалғасады. Кандидаттарды іріктеуді франко-қазақстандық тәуелсіз комиссия жүргізеді.
«Абай-Верн» - бұл ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің бірлескен стипендиялық бағдарламасы. Келісімге қол қойылған кезден бастап 158 қазақстандық магистрант пен докторант беделді «Абай-Верн» халықаралық стипендиясының иегері атанған.